Таразда жасанды интеллект зертханасы ашылды
Тараз қаласындағы колледжде алғашқы «AI Innovation Academy» жасанды интеллект зертханасы ашылды.
Бұл инновациялық білім беру платформасы – жасанды интеллект, бағдарламалау және заманауи цифрлық технологиялар мамандарын оқыту үшін пайдаланылады. Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жасанды интеллект зертханасы ашылды. Мұнда студенттер тәжірибелік IT дағдыларын дамытып, стартаптарда жұмыс істей алады, жаңа технологияларды меңгеріп, болашақ мамандықтарына бейімделеді. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, цифрлық білім беруді дамыту өңір үшін стратегиялық басымдыққа ие бағыт, сондықтан бәсекеге қабілетті ІТ мамандарды дайындаудың маңызы зор.
Асхат Қартақов, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры:
– Осы жылды Президентіміз жасанды интеллект жылы деп жариялады. Соның аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінінің базасында үлкен осындай жасанды интеллект зертханасы ашылды. Өте тамаша мүмкіндік біздің оқытушыларымызға және студенттерімізге, соңғы үлгіде компьютерлермен пайдаланып, өздерінің жұмыстарына жасанды интеллектіні пайдалануға үлкен мүмкіндік беріп жатыр.
Жасанды зерде зертханасы соңғы технологиямен жабдықталған. Ол колледждің отандық және халықаралық серіктестерінің көмегімен құрылды. Бұл оқу орны 32 мамандық бойынша білім береді, олардың барлығында жасанды интеллект қолданылады.
Лю Ди, "Key School of Technology LTD" компаниясының бас директоры:
– Білім беруде жасанды интеллектті пайдалану студенттерге көптеген мүмкіндіктер береді. Заманауи зертхананың ашылуы өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің материалдық-техникалық инфрақұрылымын нығайтуға және оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Зертхана білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайта отырып, жасанды интеллект пен ІТ-технологиялар саласындағы жетекші өңірлік орталықтардың біріне айналуды мақсат етеді.
Достық Талғатұлы, Эльдар Байділда