Биыл 18 мың оқушы мектепті үздік аяқтауға үміткер
Қазақстан мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын қорытындылайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері, деп хабарлайды «24KZ».
Қр Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер. Ал 11-сыныпты үздік тәмамдауға 18 мыңға жуық түлек ниетті.
Қазір еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етіп жүр. Сонымен қатар соңғы жылдары жаңа мектептердің саны да артып келеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ел бойынша 217 заманауи мектеп пайдалануға берілген. Оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Бүгінде бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді.
25 мамыр күні барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Онда оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен есте қалған сәттері айтылады. Сондай-ақ балаларға жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі таныстырылады