Алматыда педагогикалық идеялар фестивалі өтті
Алматыда білім саласының өкілдері педагогикалық идеялар фестивалінде бас қосты.
«Мектеп, университет, нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты жиында мамандар ұстаз даярлаудың жаңа тәсілдерін талқылады. Шетелдік жоғарғы оқу орындарымен тәжірибе алмасу үшін арнайы меморандумға қол қойылды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне білікті сарапшылар жиналды. Олардың пікірінше, білім ордалары үнемі нарық сұранысына сай бейімделіп отыруы тиіс. Ол үшін мектеп, университет және жұмыс берушілер арасында тұрақты байланыс орнату керек дейді. Ұстаз болу-жүректің ісі. Қазір университетте болашақ педагогтарды мектеп қабырғасынан бастап іздейтін арнайы бағдарлама жасалып жатыр екен. Яғни оқушы мамандық таңдамас бұрын сол салада өзін сынап көре алатын бірлескен зертханалар ашылмақ.
Бейбіткүл Кәрімова, қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры:
- Мектеп білім береді, университет диплом береді, ал нарық дайын маманды қабылдайды» деген тұжырым бүгінде жұмыс істемейді. Себебі күн сайын өзгеріп отырған заман сұранысына сай жұмыс істеу үшін біз нарықпен тікелей байланыста болуымыз керек. Оларға қандай маман қажет, ол маман қандай құзыреттілікке ие болуы тиіс – соны нақты білуіміз керек.
Фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Италия, Үндістан, Польша және басқа да елдердің өкілдері қатысты. Шара барысында Латвия және Қытай университеттерімен қос диплом беру және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша келісімдерге қол қойылды. Бұл елімізге шетелдің озық тәжірибесін оқу процесіне енгізуге мүмкіндік бермек. Осындай жобалардың бірі бүгінде Польшада жүзеге асып жатыр.
Томаш Манецки, Лодзь Университеті химия кафедрасының меңгерушісі /Польша/:
- Бізде халықаралық бағытта жақсы тәжірибе бар. Жыл сайын студенттер алмасуы ұйымдастырылады. Сіздердің оқытушыларыңыз да бізге жиі келеді. Біз мұғалімдерді тағылымдамаға бір айға, студенттерді бір семестрге қабылдай аламыз. Олар біздің сабақтарға қатысып, тәжірибе жинай алады.
Фестиваль аясында конференциялар, воркшоптар мен ғылыми жетістіктер көрмесі өтті. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер мықты маман даярлап, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Нұрбол Ынтымақұлы, Сержан Жұмабаев