Университеттердің ортақ лигасы құрылады
Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің 9 отырысы өтті.
Жиында Әзірбайжан тарапының ұсынысымен университеттердің ортақ лигасын құру туралы шешім қабылданды. Жаңа альянстың мақсаты – түркі елдеріне ортақ біртұтас білім кеңістігін құру. Лига аясында бір елдің дипломы мен маманның ғылыми дәрежесін екінші ел қабылдауы тиіс. Басқосуда министрлер түркі мемлекеттері арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулерді және ортақ білім беру жобаларын жүзеге асыру бойынша келісімге келді. Жиын соңында Түркі академиясының Ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Онда Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағалығы ресми түрде Әзірбайжаннан Қазақстанға өтті.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Еуропа елдерінде соңғы 50-70 жылда біртұтас жоғары білім кеңістігі қалыптасты. Мысалы, Испанияда оқыған бала Францияға барып жұмыс істей алады. Дипломы бір форматта. Түркі елдері де осындай үрдісті бастамақшы. Түркі елдерінің студенттері енді оқуын бітіргенде олардың дипломдары, ғылыми және академиялық дәрежелері түркі елдерінің кеңістігінде танылады. Жұмысқа орналасу, ғылыми жобалармен айналысу мүмкіндігі болады.