Түркі мемлекеттері арасында цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық кеңейеді

Фото: depositphotos.com

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен цифрлық экономика бағытындағы әріптестікті нығайтады. Құрылтай «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».

2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте жасалған келісімнің негізгі мақсаты – цифрлық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және шағын әрі орта бизнестің цифрлық сервистерге қолжетімділігін арттыру.

Құжат аясында электрондық сауда, цифрлық құжат айналымы, электрондық төлемдер, логистика, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, дербес деректерді сақтау және FinTech салаларындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Сондай-ақ киберқауіпсіздік, бәсекелестік саясаты және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері де қамтылған.

Келісімді ратификациялау қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Атап айтқанда, отандық тауарларды Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның цифрлық нарықтарына шығаруға, сауда рәсімдерін жеңілдетуге және трансшекаралық электрондық саудадағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар келісімді іске асыру цифрлық сервистердің дамуына серпін беріп, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқартуға және Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өңірлік цифрлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Жаңа келісім түркі мемлекеттері арасындағы цифрлық сауда байланыстарын дамытуға және қазақстандық бизнестің шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге құқықтық негіз қалыптастырады.

Сондай-ақ оқыңыз: