Бастауыш сыныптарда бағалау жүйесі өзгереді
Алдағы оқу жылынан бастап 2-4 сынып оқушыларының білімі жаңа тәсілмен бағаланады.
Бұны Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова хабарлады. Оның айтуынша, формативтік бағалаудың үлесі 25-тен 50 пайызға дейін өседі. Бағдарламадағы әр бөлім аяқталған соң аралық бағалау өткізіледі. Ал тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталады. Нәтижесінде балалардың оқу жүктемесі азаяды. Жаңа жүйе оқушының білімін ғана емес, оны іс жүзінде қолдану дағдыларын да ескеріп әзірленді. Мәселен, енді математикада математикалық сауаттылық, ал тілдік пәндерде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым тексеріледі. Сонымен қатар бұған дейін баға қойылмаған бірнеше пән бойынша бағалау жүргізіледі. Аталмыш жаңашылдықтарды барлық мектепте бірыңғай енгізу үшін мұғалімдерге министрлік тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
- Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады және тоқсан соңында бұрынғы бағаланған бөлімдерді қамтитын жеке жиынтық жұмысы жүргізілмейді. Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау 1 жұмысқа қысқарады.