Оқу-ағарту министрі колледждерге 133 мың грант бөлінетінін айтты
Қазақстан колледждерінде техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 133 мың студентті қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырыстың негізгі басымдығы – өндіріс саласына қажетті техникалық мамандарды даярлау. Ол бөлінетін гранттардың 70%-ы дәл осы техникалық бағыттарға бағытталатынын атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпорындардың сұранысы бойынша түлектерді кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздейтін арнайы жоба аясында 10 мыңнан астам студент қабылданады.
Білім сапасын арттыру шаралары:
Жұмыс берушілермен бірлесіп, WorldSkills және кәсіптік стандарттардың талаптарына сәйкес шамамен 500 білім беру бағдарламасы жаңартылды. 27 колледжде білім беру бағдарламалары халықаралық талаптар бойынша бағалаудан өтті. Нәтижесінде 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды.Жыл басынан бері шетелдік оқу орындарымен академиялық ұтқырлық және аккредиттеу мәселелері бойынша 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды.
Қазіргі таңда елімізде 763 колледж жұмыс істеп, онда 556 мыңнан астам студент білім алуда. Бұл шаралар еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті кадрлар даярлауға серпін береді деп күтілуде.