Қарағанды облысында білім беру кластері құрылды
Қарағанды облысында маман даярлаулың жаңа тәсілі қолданысқа енгізілді. Өңірде балабақша, мектеп, колледждер мен кәсіпорындарды біріктіретін білім беру кластері құрылды.
Соның аясында оқушылар түрлі мамандықтармен танысып, колледжге түспей тұрып-ақ өздері таңдаған бағытта бағын сынап көре алады. Ал оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарына сай әзірленеді. Бұл модель қалай жұмыс істейді?
Қарағанды жоғары инженерлік колледжінде болашақ құрылысшылар жұмыс берушілермен бірлесіп даярланады. Балабақша тәрбиеленушілері мен оқушылар мамандықпен танысып, кейін колледжде оқуын жалғастырып, кәсіби білім алады. Сонымен қатар оқу бағдарламалары өндірістің нақты талаптарына қарай жетілдіріледі. Ал жұмыс берушілер өздеріне қандай мамандар қажеттігін және оларды қай бағытта оқыту керектігін айқындап береді.
Әсел Сапарова, Қарағанды жоғары инженерлік колледжінің директоры:
- Бұл жұмыс негізінде ертеден жүргізіліп келеді. Биыл біз осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың барлығын біріктіріп, біртұтас кластер ретінде қалыптастырып отырмыз. Сонымен қатар, балаларды ерте бейімдеуге ерекше назар аудара бастадық.
Нұрсұлтан үшін колледждегі оқу кәсіби жолының бастамасына айналды. Мектептен кейін ол құрылыс технигі мамандығын таңдаған. Оқу кезінде WorldSkills кәсіби чемпионатына қатысып, колледж атынан бірқатар жарыстарда бақ сынаған. Енді Нұрсұлтан колледжде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істеп, болашақ мамандарды өзі даярлайды.
Нұрсұлтан Әбдумәжитов, Қарағанды жоғары инженерлік колледжінің түлегі:
- Мен осы техник-құрылысшы мамандығын таңдадым. Қарағанды жоғарғы инженерлік колледжінде 11 сыныптан соң үш жыл оқыдым. Әрине бұл мамандық өте керек, Қазақстанда құрылыс күннен-күнге дамып жатыр. Бізге өте мықты мамандар керек.
Мұндай тәсіл облыстағы басқа колледждерге де енгізіліп жатыр. Бүгінде өңірде 51 колледж жұмыс істейді. Студенттер кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді, ал жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын қалыптастыруға қатысады. Сонымен қатар мектеп оқушыларына болашақ мамандығын алдын ала таңдауға мүмкіндік беріледі. Облыста педагогика, медицина, құрылыс, металлургия және автомобиль жасау бағыттары бойынша 90 бейіндік сынып ашылған. Колледж ұстаздары оқушыларды мамандықтармен таныстырып, таңдаған бағытын іс жүзінде байқап көруге мүмкіндік береді.
Гүлдана Нұрсұлтан, Білім басқармасы бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі таңда Қарағанды облысында өндірістік білім беру кластері өзінің білім беруін ары қарай жалғастырып жатыр. Бұл жұмыс мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен, сонымен қатар мектептер және кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып жатыр.
Өңірде білім беру кластерлеріне жаңа оқу орындары мен кәсіпорындар қосылады. Негізгі мақсат – мамандықпен алғашқы танысудан бастап, білім алу мен жұмысқа орналасуға дейінгі жолды бір жүйеге келтіру.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит