Биыл елде 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады
Биыл 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табылдырығын аттайды. Ал алдағы оқу жылында еліміз бойынша 8 мыңнан астам мектепте жалпы 4 млн-нан аса оқушы білім алмақ.
Бұл туралы бүгін Оқу-ағарту вице-министрі мәлімдеді. Үкімет өкілінің сөзіне сенсек, оқуға құжат қабылдау рәсімі биыл айтарлықтай жеңілдеген. Ата-аналар мектепке бармай-ақ, қажетті рәсімдерді «OQU» платформасы арқылы онлайн режимде жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұл жолы білім беру мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес жаңартылып, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары қайта қаралды. Осылайша, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын, азаматтық жауапкершілігін және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған оқу курстары енгізілді. Тиісінше, мектеп бағдарламасы «Конституция негіздері», «Заң және Тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» пәндерімен толықты.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Тағы бір маңызды ерекшелік – жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіліп, оқу бағдарламаларының мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізілді.