Елімізде грант түлектерін жұмыспен өтеу шарттары өзгерді: Кімдерге жаңа талаптар қойылады
Қазақстанда мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен білім алған түлектердің оқудан кейінгі міндетті жұмыспен өтеу мерзімі мен шарттары жаңартылды. Жаңа өзгерістер аясында кейбір мамандықтарға қойылатын талаптар күшейтіліп, әлеуметтік санаттарға қатысты жеңілдіктер кеңейтілді, деп хабарлайды «24KZ» Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Негізгі жаңалықтар мен өзгерістер:
Авиация мамандықтары: 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енген түзетулерге сәйкес, аталған сала мамандары үшін міндетті жұмыспен өтеу мерзімі 3 жылдан 5 жылға ұзартылды. Бұл талап тек 2026 жылы оқуға түскендерге ғана қолданылады.
PhD докторлары: Философия докторларының жұмыспен өтетін ұйымдарының тізбесі айтарлықтай кеңейтіліп, оларға білім беру, ғылыми ұйымдарда және мемлекеттік органдарда еңбек етуге мүмкіндік берілді.
Әскери қызметшілер: Әскерге шақыру бойынша белгіленген мерзімін өткерген немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған азаматтар жұмыспен өту міндетінен толықтай босатылды.
Әлеуметтік жеңілдіктер: I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе күтім жасайтын жәрдемақы алушылар, сондай-ақ жұбайы тұратын елді мекенде бос жұмыс орны жоқ тұлғалар, жүкті әйелдер және үш жасқа дейінгі баласы бар азаматтар жұмыспен өтеуден босатылады.
Қарапайым мамандық иелері меншік нысанына қарамастан кез келген ұйымда еңбек етуге құқылы. Ал «Серпін» бағдарламасымен оқығандар кадр тапшылығы бар 8 өңірде 2 жыл, педагогикалық және медициналық мамандықтар тиісті салалық ұйымдарда 3 жыл жұмыс істеуі тиіс.
Түлектер жұмысқа бөлу және босату мәселелері бойынша университет жанындағы мансап орталықтарына, ал растаушы құжаттарды тапсыру үшін «Қаржы орталығына» жүгінуі қажет.