Мемлекеттік гранттардың 60%-ға жуығы техникалық мамандықтарға бөлінеді
Қазақстанда мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ел экономикасына қажетті мамандар ескеріледі. Қазір мемлекеттік тапсырыстың 60%-ға жуығы техникалық бағыттарға бөлінеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің басқарма басшысы Жандәулет Құдайбергенов 24KZ эфирінде айтты.
Еңбек министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін елге 900 мыңға жуық маман қажет. Оның 60%-ы техникалық бағыттарға, 20%-ы педагогикалық салаға тиесілі. Осыған байланысты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, көлік құрылысы, тау-кен ісі және энергетика мамандықтарына басымдық беріліп отыр.
Мәселен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына 10 мыңнан астам білім беру гранты бөлінген. Ал педагогикалық бағытта арнайы педагогтер, математика және физика мұғалімдерін даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл инклюзивті білім беруді дамытуға және мектептердегі мамандар тапшылығын азайтуға бағытталған.
Мемлекеттік гранттардың саны мен бөлінісі елдің экономикалық дамуына және кадрларға деген қажеттілікке қарай анықталады. Еңбек нарығындағы сұраныс негізінде 5–7 жылға арналған мамандар қажеттілігі есептеліп, соған сәйкес білім беру гранттары бөлінеді, – деді Жандәулет Құдайбергенов.
Соңғы жеті жылда елімізде барлық білім деңгейі бойынша 655 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген. Ал 2027–2028 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырыстың көлемін қалыптастыру жұмыстары қазір жүргізіліп жатыр.
Бұған қоса, гранттарды бөлу жүйесін өзгерту жоспарланған. Жаңа қаржыландыру моделіне сәйкес, университеттердің ғылыми әлеуеті, академиялық деңгейі, түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші және халықаралық рейтингтердегі орны ескеріледі. Осы параметрлерге қарай грант құны да өзгеріп, соған сәйкес грант саны қайта есептеледі. Министрлік бұл өзгерістер грант көлемінің артуына мүмкіндік береді деп жоспарлап отыр.
Мемлекеттік грантқа түсе алмаған талапкерлер үшін де бірнеше мүмкіндік бар. Әкімдіктер жыл сайын өңірлік қажеттілікке қарай 2,5–3 мыңға жуық грант бөледі. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан жастарға, сондай-ақ ерекше қолдауды қажет ететін талапкерлерге ректор гранттарын ұсынады.
2024 жылдан бастап сараланған гранттар мен білім беру кредиттері де енгізілді. Сараланған грант бойынша оқу ақысының 50%-ын мемлекет, қалған бөлігін талапкер төлейді. Ал білім беру кредиттері 0% мөлшерлемемен беріледі. Сонымен қатар «Келешек» бағдарламасы аясында ата-аналар баласының болашақ оқуына алдын ала қаражат жинай алады.