Білім саласындағы ауқымды реформалар

@oqu_agartu

Елімізде білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту, оқыту сапасын арттыру және педагогтерді қолдау бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Үкімет Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында инфрақұрылымды дамытып, оқу үрдісіне заманауи цифрлық технологиялар мен Жасанды интеллект элементтерін енгізуді жалғастыруда, деп хабарлайды «24KZ».

Бүгінгі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар балабақшадан бастап, колледждер мен еңбек нарығын қамтитын біртұтас жүйеге айналып отыр. 

Инфрақұрылымды дамыту және мектептерді жаңғырту

Соңғы бес жылда елімізде 1 млн-нан астам орынға арналған 1 120 мектеп салынды. Оның ішінде 460,4 мың оқушы орнына арналған 217 «Келешек мектептері» пайдалануға берілді.

2019 жылдан бері үш ауысымды мектептер саны мен болжамды оқушы орындарының тапшылығы төрт есеге, ал апатты мектептер саны екі есеге азайды. Қазіргі уақытта 59,3 мың орындық тағы 101 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Соңғы үш жылда балабақшаларда 232 мың орын ашылды. 2027 жылдың соңына дейін тағы 68 мың орын ашу жоспарланған. Ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы арқылы кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 23 мыңға дейін күрт қысқарды.

Білім берудегі инновациялар мен цифрландыру

 Қыркүйек айынан бастап Павлодар және Қызылорда облыстарында пилоттық жоба іске қосылып, алғашқы кезеңде 500 шағын жинақты мектеп қамтылды. 2029 жылға қарай бұл жүйені елдегі 2,5 мың осындай мектептің барлығына енгізу көзделген. Жасанды интеллект оқушыларға жеке тапсырмалар таңдап, білімдегі олқылықтарды анықтауға және нәтижелерді сараптауға көмектеседі.

Педагогтерді қолдау және инклюзия

2020 жылдан бері педагогтердің жалақысы екі есе өсті, ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 30%-ға артты. Сондай-ақ сала басшыларының кадрлық резерві қалыптастырылуда.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала тіркелген жүйеде жағдай жақсарып келеді. Қазіргі таңда инклюзивті білім беруге қолайлы жағдай мектепке дейінгі ұйымдардың 80%-ында, мектептердің 95%-ында және ТжКБ ұйымдарының 90%-ында жасалған.

Колледждерді дамыту және кадр даярлау

Бүгінде 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алуда, ал мемлекеттік тапсырыс 393,3 мың орынға дейін өсті.

Соңғы үш жылда дуальды оқытумен қамту 108 мыңнан 138,2 мың студентке дейін ұлғайды. Бүгінде 11,7 мың кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейтін 552 колледж бұл бағытты дамытып жатыр. Қазіргі көрсеткіш 35%-ға жетсе, басты міндет - оны кем дегенде 40%-ға жеткізу.

Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру жүйесі заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға, сапалы педагог кадрларды ынталандыруға, цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға және экономиканың нақты қажеттіліктеріне сай білікті маман даярлауға басымдық беріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: