Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге 30 жыл толды
Щучинск қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды«24KZ».
Жиынға Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов, жергілікті әкімдік өкілдері, әскери басшылық, ардагерлер және колледж түлектері қатысты.
Салтанатты шара барысында бірінші курс кадеттері Әскери ант қабылдап, кедергілер жолағында әскери машықтарын көрсетті. Сондай-ақ қонақтар әскери техника мен қару-жарақ көрмесімен танысып, оқу орнының мұражайы мен казармаларын аралады.
Іс-шара кезінде сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов оқу орнының маңызына тоқталды:
Отыз жыл – колледж тарихындағы маңызды кезең. Осы жылдар ішінде оқу орны әскери білім беру жүйесінің маңызды буынына айналып, мыңдаған білікті сержант мамандарын даярлады. Бүгінде колледж түлектері әскери бөлімдерде абыроймен қызмет етіп, жауапты лауазымдарда еңбек етіп, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға үлес қосып келеді.
Айта кетейік, 1996 жылы құрылған Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж осы уақыт аралығында 4 мыңға жуық кәсіби сержант даярлап шығарды.