Мұғалімдер күніне арналған республикалық акция басталды
Қазақстанда Мұғалімдер күні қарсаңында «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясы басталды, деп хабарлайды «24KZ» .
Акция 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз – ұлт шамшырағы» іс-шаралары аясында өтеді. Осы күндері еліміздің барлық өңіріндегі білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздық мамандықты дәріптеуге арналған мерекелік және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бүгінде елде 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, акция аясында әрбір азамат өзінің ұстазына алғыс айтып, естелігімен бөлісе алады. Ол үшін әлеуметтік желіде ұстазы туралы фото, видео немесе оқиғасын #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялауға, хат немесе ашықхат жолдауға болады.
Ведомство оқушыларды, түлектерді, ата-аналарды және барша қазақстандықты өмірінде із қалдырған ұстаздары туралы естеліктерімен бөлісуге шақырды. Айта кетейік, 2023 жылдан бастап Қазақстанда Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз