Астанада Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет ашылды

gov.kz

Астанада Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет ресми түрде ашылды, деп хабарлайды «24KZ». «AI & Digital Bridge – 2026» халықаралық форумы аясында Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaq AI Research University оқу орнын салтанатты түрде ашты.

Шара барысында Президент заманауи технологиялар мен цифрлық орталықтардың өзі ғана нәтижеге кепіл бола алмайтынын, басты күш білікті маман даярлауға бағытталуы тиіс екенін айтты.

- Біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, оқу және білім алу үдерісіне көмекші тәсіл болғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа оқу орнының құрылу тарихы мен алғашқы көрсеткіштерін баяндады.

- 2025 жылғы 1 қазанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында берген тапсырмаңызға сәйкес Qazaq AI Research University құрылды. 29 сәуірде университет білім беру қызметін жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алды. 15 мамырда оған AI+X моделі бойынша кадрлар даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесі берілді. 18 мамырда университет Орталық Азияның білім беруді аккредиттеу қауымдастығында институционалдық аккредиттеуден өтті. 1 қыркүйектен бастап алғашқы студенттер қабылданды. Бүгінде университетте 528 студент білім алып жатыр, оның 294-і мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқиды. Профессор-оқытушылар құрамы толық жасақталды, – деді министр.

Университет жасанды интеллектіні нақты салалармен ұштастыратын AI+X қағидатына негізделген. Оқу орнында NVIDIA H200 негізіндегі жеке AI-инфрақұрылымы мен бірыңғай QAIRU OS цифрлық платформасы жұмыс істейді.

2027 жылдан бастап Shanghai Jiao Tong және Tsinghua университеттерімен қос дипломды бағдарламаларды іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Google, Huawei, Samsung және NVIDIA компанияларымен тығыз ынтымақтастық орнатылған.

Сондай-ақ оқыңыз: