AI & Digital Bridge 2026 форумы аяқталды
Астанада AI & Digital Bridge халықаралық форумы аяқталды. Жиын жер жаһанның білікті мамандары мен сарапшыларының басын қосты. Мемлекеттер арасындағы келелі келіссөздер де болды.
Қазақстан – Еуразияның жасанды интеллект хабы. AI & Digital Bridge форумының биылғы тақырыбы осындай. Астана төріндегі іс-шара аз уақыт ішінде құрлықтағы жетекші технологиялық форумға айналғанын және жаһан жұртының қызығушылығына ие болғанын көрсетеді. Дәлелді статистика арқылы келтіруге де болады.
2018 жылдан бері алаңға 100-ден астам елден 127 мыңнан астам адам келген. 1 500-ден астам сарапшы мен спикер сөз сөйлеп, 600-ден астам стартап қорғалды. Ал оларға қаржы құюға 500-ден астам инвестор қатысты.
Биыл да форумды тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Болашақ технологиялары тоғысқан алаңға шамамен 20 мың адам келді. Бүгін жиынның қорытынды күні өтті. Алғашқы пленарлық сессияның біріне Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатысып, елде цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамып жатқанын жеткізді. Мұндай мысалды кез келген ұлттық компаниядан табуға болады.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы:
- Жасанды интеллект бізге сарқылып жатқан кен орындарында мұнай өңдеуге көмектеседі. Бұрын біз ол горизонттарға экономикалық тиімділігі жағынан күмәнмен қарасақ, қазір ЖИ бізге алты ұңғыманың орнына екі горизанталды ұңғыманы бұрғылауға шешім беріп жатыр. Яғни экономикалық тиімділігі артады және мұнай өңдеу тиімділігі артады.
Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ басқарма төрағасы:
- 1414 сервисінде азаматтарға кеңес беретін жасанды интеллект консультанты әзірленіп, іске қосылды. Ол сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес береді. Алдағы уақытта динамикалық қызметтерді қосуды жоспарлап отырмыз. Яғни азамат жай ғана кеңес алып қана қоймай, 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы бірқатар мемлекеттік қызметті тікелей ала алады. Мысалы, соттылығының бар-жоғын, әкімшілік айыппұлдарды тексеруге мүмкіндік беріледі.
Расымен, елде заманауи технологиялар қарқынды дамып жатыр. Цифрландыру әр салаға енгізіліп, оның жемісін тұрғындар қазірдің өзінде көріп отыр. Оған қоса роботатехника бағытына басымдық берілді. Алғыр құлтемірлердің бір парасы форумдағы көрмеге қойылды. Роботтар футбол мен үстел теннисін ойнап, көрермендермен тілдесті.
Нұрболат Досмағамбет, «Kerneu Group» компаниясының басшысы:
- Ғылыми жобаның мақсаты әлемдегі роботтардың өте үлкен жылдамдықта шешім қабылдай алып және де оны физикалық өмірге қайтадан жауап бере алатынын көрсеткіміз келіп отыр. Яғни мынау үстел теннисі - сіздер білетіндеріңіздей, өте шапшаң спорт түрі. Яғни осы жерде роботтың тез арада бүкіл ақпаратты жинақтап, анализ, синтез жасап, оны роботқа қайта беріп, сол роботтың бір іс-қимыл әрекетін жасауының нәтижесі өте қиын ғылыми жобалардың бірі.
Үш күндік форумда алпыстан астам жаңа келісім жасалды. Компаниялар білім, қауіпсіздік, жоғары технологияны бірлесе дамыту сынды меморандумдарға қол қойды. Оған қоса жас өнертапқыштар өз туындыларын инвесторлар алдында қорғап, арманын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Құзырлы министрлік өкілдері отандық мамандардың цифрлық шешімдеріне де сұраныс жоғары болғанын айтады.
Балия Кенжеболатова, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің PR және қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі:
- Конгодан делегация келіп, ғарыштық әзірлемелерге қызығушылық білдірді. Африка мен Еуропа мемлекеттері де біздің цифрлық шешімдерімізді жоғары бағалап, серіктесуге ниетті. Оларға ең алдымен, eGov тәжірибесі қызық. Екіншіден, спутник өндірісі, үшіншіден, IT экожүйеміздің дамуы, Astana Hub жұмысы қызығушылық білдірді. Биыл IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты. Ал алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.
Форум қорытындысы бойынша үш стартап Кремний алқабына жолдама алды. 7 жоба AI & Digital Bridge Awards сайысында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ жүлде қоры 2 млн долларды құрайтын жасанды интеллект-кино фестивалі өтті.
Роберт Годетт, AAIFF финалисі, ЖИ-креатор және режиссёр:
- Бұл AI-кинематографистер үшін өте маңызды байқауға айналады деп ойлаймын. Келешекте әлемдік деңгейдегі шара болады. Байқауға қатысушылар өте керемет фильмдер ұсыныпты. Мен 8 мыңнан астам өтінімнің ішінен іріктеліп алынған туындарды тамашаладым. Бәрі жеңіске лайықты, мені таңғалдырады. Өндірістің бастапқы кезеңдерінде жасанды интеллект шығындарды айтарлықтай азайтады деп ойлаймын. Әсіресе локацияда түсіру және визуалды эффектілерді жасау кезінде.
Қорытынды күннің бағдарламасында білім, талант және креативті индустрия мәселелері сарапшылар мен стартап өкілдерінің талқысына түсті. Жүздеген панельдік сессия, сарапшылар пікірі, жаңа жобалар мен таңғаларлық технология ұсынған алаң елдің жаһан алдындағы технологиялық беделін арттыра түсті.