Атырауда ер мұғалімдерді дайындау мақсатында «Ұстаз» мектебі жұмыс істейді
Атырау мектептеріндегі 12 мыңға жуық мұғалімнің 1300-дейі ғана ер-азаматтар. Отбасындағы әке рөлі секілді, жас буынның мінез-құлқын дұрыс қалыптастыруда ер азаматтың ықпалы ерекше екені даусыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2021 жылы ер балаларды мұғалімдікке баулитын арнайы жоба қолға алынған еді. Жобаның мақсаты - қабілетті ұл балаларды іріктеп, ер мұғалімдер дайындау. «Ұстаз» мектебі деп аталатын білім ошағы 5 жылда 300-ге тарта түлек тәрбиелеп шығарды. Атырауда қолға алынған игі бастама жалғасын тапса, ұрпақ тәрбиесіне қосылған өлшеусіз үлес болары анық, деп хабарлайды 24KZ.
Ұрпақ тәрбиесіне арналған игі бастама
Бекзат Елеусінов осыдан 5 жыл бұрын мына оқушылар секілді партада отырған еді. Бала жастан мұғалім болуды армандаған талапты шәкірт алыстағы Исатай ауданынан келіп «Ұстаз» мектебіне қабылданған болатын. Бүгін міне, жас маман өзі ұшқан ұясына оралып, еңбек жолын бастады. Бекзат қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Бекзат Елеусінов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Бұл мектептің өзі бізді мұғалім болуға дайындап жіберді. Қарапайым мектеп емес, сол себепті жауапкершілігі де 2-3 есе жоғары. Қазіргі таңда осы мектепте жұмыс істеп жатырмыз және Атырау университетінде өз мамандығымыз бойынша магистратурада оқып жатырмыз.
Мұнда ауыл мектептерінен 9 сынып бітірген ер балалар қабылданады. Мектеп қазақ тілі мен әдебиеті және физика-химия пәндерін тереңдетіп оқытады. Қазір мұнда 90 оқушы білім алуда. Шәкірттер түске дейін теориялық білім алса, түстен кейін оны тәжірибемен толықтырады.
Жалпы мектептің негізгі миссиясы – ол ұстаздық мамандыққа бағыттау. Себебі бала 9 сынып бітіргеннен кәсіптік бағыт-бағдарға, мамандық таңдауға бейімдеу. Ол жерде біз ҰБТ-ға тегін дайындаймыз. Сәпи Нұрәділ деген оқушымыз 138 балл жинап, Астанадағы Л.Н. Гумилев университетінің физика пәні мұғалімдігіне грантқа түсті.
Биыл «Ұстаз» мектебінің алғашқы 25 түлегі өңірге маман болып оралды. Олардың басым бөлігі өздерінің туған ауылдарында еңбек етуде. Өткен бес жылда «Ұстаз» мектебінен 300-ге тарта түлек шықты. Отбасындағы әке рөлі секілді шәкірт мінез-құлқының қалыптасуында ер азаматтың атқарар қызметі жоғары екені даусыз. Ер ұстаздардың тапшылығы барлық өңірлерде өзекті проблема болып отыр. Бүгінде республика мектептерінде 340 мыңнан астам ұстаз еңбек етсе, ондағы ер мұғалімдердің үлесі 24 пайыздан аспайды. Ендеше, игі бастама өзге өңірлерде де жалғасын тапса, ұрпақ тәрбиесіне қосылған елеулі үлес болары анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин