Елде 600 мың педагог еңбек етеді

Бүгін – Дүниежүзілік ұстаздар күні. Қазір мұғалімге қойылатын талап та өзгерді. Цифрлық технология мен жасанды интеллектіні меңгеру ұстаздың күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналды, деп хабарлайды 24KZ.


«Өрлеу» курстарына 335 мыңнан астам педагог тіркеліп, 266 мыңнан астамы оқуын аяқтаған. Ұстаз еңбегін ынталандыруға да басымдық беріліп отыр. Біліктілік санатына қарай педагогтерге 30-дан 50 пайызға дейін қосымша ақы қарастырылған. Ал 103 ұстазға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілген. Педагог мамандығын таңдаған жастардың да қатары артып келеді. 2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас маман жұмысқа орналасқан.

Оның екі мыңнан астамы – «Алтын белгі» иегері. Ал елордадағы №97 мектеп-гимназиясының ұстаздары жаңа технологияны ұлттық құндылықпен ұштастырып жүр.

Ақерке Қалықбаева 22 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Қазір №97 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып оқушыларына сабақ береді. Тәжірибелі маман заман талабына сай жаңа технологияларды да меңгерген. Ұстаз цифрлық мүмкіндіктерді баланың қызығушылығын арттырып, білімін толықтыру үшін пайдаланады.

Ақерке Қалықбаева, Астана қаласы әкімдігінің «№ 97 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК бастауыш сынып мұғалімі:

– Қазіргі таңда, әрине, жасанды интеллект барлық сыныптарда, мектептерде қолданылады. Себебі балаларды жасанды интеллект арқылы қызықтыруға болады. Бірақ дайын өнімді беру емес, біздің мақсатымыз – балаларға жасанды интеллектіні дұрыс әрі қауіпсіз қолдана білуді үйрету. Бұл жасанды интеллектіні біз «Ұлттық тағылым» оқулығына да енгіздік. Яғни сол жерде бейнежазбалар арқылы әртүрлі өлеңдер мен шығармалар жасанды интеллект көмегімен түсірілген. Жасанды интеллект те ұстаздың жұмысынан тыс қалған жоқ. Алайда мұнда басты мақсат – балаға дайын жауап ұсыну емес, оны технологияны дұрыс әрі қауіпсіз пайдалануға үйрету. Мұғалім оқушыларын кітап оқуға да баулиды. «12 ай – 12 кітап» жобасында балалар шығарманы оқып қана қоймай, одан түйгенін айтып, өз ойын жеткізеді.

Ақерке Қалықбаева, Астана қаласы әкімдігінің «№ 97 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК бастауыш сынып мұғалімі:

– «Он екі ай – он екі кітап» деген жоба қазіргі таңда жүріп жатыр. Біздің сыныптағы балалар, мысалы, бастауышта, бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін Ыбырай Алтынсариннің «Бақша ағаштары» әңгімесін оқып жатыр. Балалар жай ғана оқып қоймай, оны бойларынан өткізіп, түйіп, оның қандай мағынасы бар екенін, не үйренгендерін өздерінің ой-пікірлерімен бейнежазбалар арқылы бөлісуде. Біз өзіміз де мұғалім ретінде осы «Он екі ай – он екі кітап» жобасына қатысып жатырмыз.

Ұстаз үшін шәкіртінің ықыласынан асқан марапат жоқ. Ақерке Қошқарбайқызының оқушылары да мереке қарсаңында ұстазына ақ тілегін арнады.

Әлтаир Мейрамбекұлы, 3-сынып оқушысы:

- Маған Ақерке Қошқарбайқызының сабақ бергені ұнайды. Мерекеңіз құтты болсын! Денсаулығыңыз мықты болсын. Рухани бай болыңыз. Бүгінде мектеп-гимназияда 182 педагог еңбек етеді. Мұнда мұғалімдердің цифрлық сауатын арттыруға да көңіл бөлінген. Арнайы жоба аясында педагогтер жаңа сервистерді меңгеріп, алған білімдерін әріптестерімен бөліседі.

Замзагүл Киянова, Астана қаласы әкімдігінің «№ 97 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК директоры:

– Мамандық таңдау бойынша оқушылардың академиялық еркіндігі болуы керек. Өйткені қазір мамандықтар да өзгеріп жатыр. Мемлекет тарапынан қазір жалпы барлық Қазақстан мектептерінде «Біртұтас тәрбие», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» сияқты бағыттар енгізілді. Қазіргі мемлекеттік стандарттар, идеология және білім беру жүйесі жақсы құрылып, мектептерге беріліп жатыр. Сондықтан мектептер соны тиімді қабылдап, жүзеге асыратын болса, біздің мемлекетіміздегі білім саласы жақсы мүмкіндіктерге ие болады.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

– Цифрлық дәуірде ұстаздың мүмкіндігі де кеңейді. Жасанды интеллект, интерактивті платформалар мен жаңа технологиялар білім берудің ажырамас бөлігіне айналды. Яғни бұл – оқушының қызығушылығын арттыратын мүмкіндік. Еліміздің білім беру ұйымдарында қазір шамамен 600 мың педагог еңбек етеді. Оның 420 мыңға жуығы мектептерде, 100 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, 43 мыңға жуығы колледждерде еңбек етеді. Ұстаздыққа бет бұрған жастардың қатары да көбейіп келеді. Заман өзгерсе де, ұстаздың басты міндеті өзгермейді. Ол шәкіртке білім беріп қана қоймай, бағыт көрсету, тәрбиелеу және болашағына жол ашу.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Бағдат Қайыркен

Сондай-ақ оқыңыз: