Елде ғылымға бөлінген қаржы үш жарым есе артты

Елде соңғы жеті жылда ғылымды дамытуға 261 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Мұны Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Осы аралықта 200-ден астам жоба сәтті жүзеге асып, бірқатары өндіріске енгізілді. Мемлекет жас ғалымдарды қолдауды жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл су басу қаупін алдын ала сезетін құрылғы. Оны Еуразия ұлттық университетінің оқытушы-зерттеушісі Елбек Өтепов әзірлеген. «Артық ылғал топырақтың беріктігін төмендетеді», – дейді ол. Қазіргі уақытта жоба шамамен 70 пайызға дайын тұр.

Елбек Өтепов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ «Құрылыс» кафедрасының оқытушы-зерттеушісі:

– Бұл жүйе мәліметтерді LoRa байланыс технологиясы арқылы жеткізеді. Яғни ақпаратты алыс қашықтыққа жолдайды. Бұған қоса, әр құрылғының орналасқан жері бойынша геоақпараттық жүйе жасақталған. Оның көмегімен белгілі бір аумақтағы жер асты суларының деңгейі қалай өзгеріп жатқанын бақылауға болады.

Нұрбек Сапарходжаев, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ басқарма мүшесі, Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры:

– Қазір біз өндіріс орындарымен байланыс орнатуға басымдық беріп отырмыз. Мемлекет басшысы айтқандай, ғылымды ғылым үшін ғана емес, оның нәтижелерін экономиканың түрлі салаларында қолдану үшін дамытуымыз керек. Бұдан бөлек бетон, жол және жалпы құрылыс саласы бойынша бірнеше жоба әзірледік. Оларды жүзеге асыру үшін серіктестерді тарту бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Соңғы жеті жылда отандық ғылымды қаржыландыру көлемі үш жарым есе өсті. Бұл бағыттағы жұмыстарға 261 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Алайда бұл жеткіліксіз», – дейді сала өкілдері. Бүгінде елде жалпы ішкі өнімдегі ғылымның үлесі небәрі 0,16 пайызға тең.

Ренат Елшібеков, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:

– Халықаралық ұсынымдарға сәйкес, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарға жалпы ішкі өнімнің кемінде 1 пайызы жұмсалуы керек. Ал бізде көрсеткіш әлдеқайда төмен. Десе де салаға бет бұрғандардың қатары артып келеді. 2021 жылы еліміздегі ғалымдардың саны небәрі 19 мың адам болатын. Ал қазір олардың қатары 28 300 адамға жетті.

Мемлекет сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты басымдық санайды. Бүгінде оларға «Отбасы банк» арқылы төмен пайызбен үй алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар арнайы гранттық бағдарламалар бар. Ол арқылы ізденістің ізіне түскен жас ғалымдар өз жобаларын жүзеге асыруға қаржылай көмек алады.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Әлішер Әшім, Артур Горшняков

Сондай-ақ оқыңыз: