Төрт жылдық білімді үш жылда меңгеруге бола ма?
Қазақстанда бакалавриатта оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Мұндай тәсіл студенттердің еңбек нарығына ертерек араласуына және теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік береді. Астана IT университетінде бұл модель 2019 жылдан бері қолданылып келеді. Үш жылдық оқудың ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы «24KZ» арнасында айтылды.
Астана IT университетінің Интеллектуалды жүйелер мектебінің деканы, қауымдастырылған профессор Лаура Алдашеваның айтуынша, үш жылдық білім беру моделінің басты ерекшелігі — студенттердің оқу барысында-ақ кәсіби ортаға бейімделуі. Университетте дуалды оқыту жүйесі қарастырылған. Соның арқасында білім алушылар екінші және үшінші курста IT компанияларында жұмыс істеп, теориялық білімін іс жүзінде қолданады.
Үш жылдық бакалавриат студенттердің еңбек нарығына ертерек бейімделуіне негіз болады. Екінші және үшінші курс студенттері IT компанияларында жұмыс істеп, теориялық білім мен практиканы қатар алып жүреді, — дейді Лаура Алдашева.
Университет өкілінің сөзінше, студенттер оқуын аяқтамай тұрып-ақ еңбек тәжірибесін жинап, қосымша табыс таба алады. Бұған қоса, халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықтың арқасында білім алушылар Cisco, Huawei, Red Hat және Palo Alto Networks секілді ұйымдардың индустриялық сертификаттарын алуға мүмкіндік алады. Бұл олардың кәсіби дағдыларын дәлелдеп, жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді.
Үш жылдық оқу теорияны қысқартуды білдірмейді
Оқу мерзімін қысқарту туралы сөз болғанда, білім сапасы мен теориялық дайындыққа қатысты сауалдар туындайды. Алайда Лаура Алдашеваның түсіндіруінше, үш жылдық бағдарламада оқу мазмұны жай ғана қысқартылмайды. Студенттер бұрынғыдай 240 кредитті меңгеруі керек. Айырмашылық — оқу жүктемесінің ұйымдастырылуында.
Төрт жылдық оқуды үш жылға қысқарту теориялық сабақтарды азайту деген сөз емес. Студенттер екі жағдайда да 240 кредитті игереді. Университетте триместрлік жүйе енгізілген, сондықтан оқу бағдарламасын үш жыл ішінде толық меңгеруге мүмкіндік бар, — дейді профессор.
Дегенмен мұндай модельді барлық мамандыққа бірдей қолдану мүмкін емес. Сарапшының пікірінше, оқу мерзімін белгілеуде мамандықтың ерекшелігі мен білім беру бағдарламасының мазмұны ескерілуі керек. Мәселен, медицина және кейбір инженерлік бағыттарда үш жылдық оқу жүйесі тиімді болмауы мүмкін.
Халықаралық тәжірибеде де бакалавриаттың үш жылдық моделі қолданылады. Алайда оның нәтижесі оқу бағдарламасының сапасына, теория мен практиканың үйлесіміне және университеттің білім алушыларға ұсынатын мүмкіндіктеріне байланысты.
IT саласында оқу мерзімін одан әрі қысқартуға бола ма?
Ақпараттық технологиялар қарқынды дамып жатқандықтан, болашақта білім беру бағдарламаларын одан әрі оңтайландыру мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал. Лаура Алдашеваның пікірінше, мұнда басты мәселе оқу жылдарының санында емес, білім беру бағдарламасының қаншалықты сапалы құрылғанында.
Университетте сабақ ағылшын тілінде өтеді. Сонымен қатар студенттерге хакатондарға, халықаралық жарыстарға қатысуға және кәсіби біліктілігін арттыруға қолдау көрсетіледі. Осының бәрі теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, түлектердің еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.
Жас ғалымдарға қандай кітап оқуға кеңес береді?
Әңгіме барысында Лаура Алдашева кітап оқудың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, сыни ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.
Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтеді, сонымен қатар сыни ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді, — дейді ол.
Қазір профессор Баладжи Сринивасанның The Network State («Желілік мемлекет») кітабын оқып жүр. Еңбекте цифрлық технологиялар, блокчейн, интернет-қауымдастықтар және болашақта жаңа мемлекеттерді қалыптастыру идеялары қарастырылады.
Ал жас ғалымдарға Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Юдің From Third World to First («Үшінші әлемнен бірінші әлемге») кітабын ұсынады. Бұл еңбекте Сингапурдың еңбек, ғылым және тиімді басқару арқылы дамыған мемлекетке айналу тәжірибесі баяндалады.
Профессордың пікірінше, білім алумен қатар үздіксіз іздену, жаңа технологияларды меңгеру және әлемдік тәжірибені зерделеу — кәсіби дамудың маңызды шарттары.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз