Ауыл мен қала мектептерінің алшақтығы: депутат білім сапасын қалай арттыру керектігін айтты
Қазақстанда білім сапасын арттыру үшін алдымен ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты азайту қажет. Ол үшін мектептерді интернетпен қамтып қана қоймай, білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету, зертханалар мен оқу кабинеттерін жабдықтау маңызды. Бұл туралы ҚР Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Депутаттың пікірінше, білімді ұрпақ тәрбиелеу мектептен басталады. Сондықтан білім беру жүйесін дамытуда ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндіктерін теңестіруге басымдық берілуі керек.
Білімді дамыту мектептен басталады. Сондықтан ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылық болмауы керек. Қазір жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту туралы айтып жатырмыз. Бірақ ең алдымен мұғалімдерді осы бағыттарға үйретуіміз керек. Өйткені ертең олар алған білімін балаларға береді, – деді Олжас Нұралдинов.
Оның айтуынша, білім беру барысында цифрлық технологиялармен қатар ұлттық тарих пен салт-дәстүрді де назардан тыс қалдырмау қажет. Бұл – адами капиталды дамытудың маңызды бөлігі.
Депутат ауыл мектептерінде әлі де бірқатар мәселе барын атап өтті. Мәселен, кейбір елді мекендерде интернет байланысы жеткіліксіз. Бұған дейін 2 мың мектепті интернетке қосу мәселесі көтеріліп, былтыр шалғайдағы білім беру ұйымдарын спутниктік интернетпен қамту жұмыстары жүргізілген.
Алайда интернеттің болуы мектептегі білім сапасын өздігінен арттырмайды. Ол үшін оқу орындарының инфрақұрылымын жақсартып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек.
Бұл жалғыз интернет мәселесі емес. Біріншіден, мұғалімдердің сапасы артуы керек. Мектептерде зертханалар, қажетті құралдар болуы, кабинеттер дұрыс жабдықталуы қажет. Астанадағы немесе Алматыдағы жайлы мектептер мен ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылық әлі де күрделі, – деді депутат.
Оның сөзінше, қазір ауылдық жерлерде мектептерді жаңғырту және жаңа білім беру нысандарын салу жұмыстары жүріп жатыр. Егер жоспарланған шаралар жүзеге асса, алдағы бір-екі жылда жағдай жақсаруы мүмкін. Дегенмен бұл үшін қаржыландыру мен кадр мәселесін қатар шешу қажет.
Біріншіден, кадрларды дайындауымыз керек. Екіншіден, қаржылық мәселені шешуіміз қажет, – деді Олжас Нұралдинов.