Елбасының Жолдауындағы мақсат-міндеттер сарапшылар форумында талқыланды

Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын жою және 2050 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 50%-ға жеткізу.

Елбасының жаңа Жолдауында айқындалған бұл мақсат-міндеттер бүгін Астанада өткен сарапшылар форумында қызу талқыланды. Яғни, жиынға қатысушылар алдағы бағыт-бағдарлардың ел дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.  

Әнуар Аязбеков, Мемлекеттік басқару академиясы институтының директоры:

- Президент елімізде адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұл бастамаға Мемлекеттік басқару академиясы қолдау білдіріп, зор үлес қосып келеді. Себебі, білім беру саласын дамыту басым бағыттың бірі болып қала бермек. Оның үстіне, Елбасы Жолдауы алда атқарылатын мақсат-міндеттерді айқындап берді.

Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:

- Біздің жалпы ішкі өнімнің ішінде шағын және орта бизнестің көлемі 50%-ға жету керек деген. 1950 жылға дейін батыл мақсат деп есептеймін. 70-тен астам қолдау құралы бар. Солар арқылы қолдаймыз деп жоспарлап жатырмыз. Үкімет тарапынан соңғы 2-3 жылда үлкен қаражат бөлініп жатыр.

Сондай-ақ, сарапшылар Елбасы ұсынған конституциялық өзгерістердің мән-маңызы ерекше екенін айтады. «Себебі, бұл реформа елдегі әлеуметтік-экономикалық дамуды жалғастырып, атқарушы билікке мол мүмкіндік береді», - дейді олар.

Бауыржан Төлегенов, «Саясат» интернет-басылымының шеф-редакторы:

- Егер конституциялық өзгерістердің тарихына үңілсек, бұл жолғысының мән-маңызы ерек. Ол саяси орта мен атқарушы биліктің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік мүддені қорғайды. Сол арқылы Парламент пен Үкіметке қажетті мүмкіндік беріліп, жүктелген міндеттер мүлтіксіз орындалады деп сенемін.