Шымкенттік оқушылар қашықтан оқымайтын болды

Шымкенттік оқушылар қашықтан оқымайтын болды

Шымкенттік оқушылар бірінші қыркүйектен бастап мектепке барады. Қаланың бас санитарлық дәрігері осындай қаулы қабылдады.

Енді шаһардағы білім ордаларының барлығына Ashyq жүйесі енгізіледі. Адамның бет әлпетін анықтайтын турникеттер, дене қызуын өлшейтін құрылғылар орнатылып жатыр. Өткен жылы қалалық мектептерде жүргізілген тексеріс нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың ішінара бұзылғаны анықталған. Нақтырақ айтқанда, санитайзерлер болмаған, бетперде режимі және арақашықтық сақталмаған. Соған сәйкес 150 оқу орнына айыппұл салынған.

Қазір де мегаполисте жағдай күрделі. Күн сайын 500 ден астам адамнан індет белгілері анықталып отыр. Олардың 30 проценті бала. Дегенмен оқу маусымына дейін жағдай тұрақталуы мүмкін,- дейді бас санитарлық дәрігер.

Әбдіманап Төлебаев, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Қазір қала басшылықтары мен білім басқармасында түрлі деңгейдегі дайындықтар жүріп жатыр. Мектептердің қабылдау комиссиясы тамызда басталып кетті. Сол комиссияда біздің мамандар жүр. Сол мамандардың берген ұсынымдары бойынша білім басқармасы тапсырмаларды орындайды. Бірінші қыркүйекте офлайн режимінде оқуға көшетініне қуаныштымыз.