Елдегі эпидахуал үнемі бақылауда болады
Санитарлық-эпидемиолог мамандар тасқын болған аймақтарда судың 10 мыңнан астам сынамасын алып зерттеді.
Нәтижесінде жұқпалы аурулардың таралу қаупі анықталған жоқ. Бұл жайында Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Сондай-ақ судың құрамында адам мен мал үшін қауіпті қоздырғыштар жоқ. Бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Мамандар судың беті қайтқан аймақтарда топырақтың құрамын зерттеп, дезинфекциялық іс-шараларға кірісті. Сібір жарасына қатысты мал көмілген 12 орын да ерекше бақылауда.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Қазіргі кезде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірақ осы су тасқыны басталғаннан кейін біз Ресей Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен байланыстамыз. Әрбір 2-3 күн сайын эпидемиологиялық жағдай туралы және судың қауіпсіздігі зерттеу нәтижелері бойынша және қоланылатын профилактикалық-эпидемиологиялық шаралар туралы ақпаратпен алмасамыз. Санитарлық эпидемиологиялық қызмет күшейтілген режимге ауыстырылды.