Жылыой ауданының спортшылары топ жарып жүр
Атырау облысының Жылыой аудынында спорттың 17 түрі қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Аудан жастарының арасында таеквондоға қызығушылар көп. Шағын футболдан да облыс намыс қорғап жүрген спортшылар жуырда әуесқойлар арасындағы ҚР Чемпионатынан жүлделі оралды. Аудан орталығында жақында тағы бір спорт нысаны пайдалануға беріледі.
Мақсат Төлегенов 10 жылдан бері таеквондомен шұғылданып келеді. Қазір халықаралық додаларда топ жарып, ел намысын қорғап жүр. Жаттығып қана қоймай, аудандық спорт мектебіндегі таеквондо бөліміне келіп, балаларға өз білгенін үйретеді. Бүгінде ел намысын Олимпиадада қорғауды мақсат еткен.
Мақсат Төлегенов, таеквондодан ҚР чемпионы:
- Алдағы жоспарым – Олимпиада чемпионы болу. Соған жаттығып, дайындалып жүрмін. Әкемді, ағайды қуантып, Қазақстанға алтын әкеліп, Атырау облысы, Құлсары қаласының медалі бар Олимпиададан деген, сондай арманым бар. Соған дайындалып, шығамын.
Бүгінде спорттың осы түріне қызығушы жас көбейген. Жылыой аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қазір 150 бала таеквондомен шұғылданады.
Азамат Нұржанов, ҚР ұлттық дәрежедегі төрешісі:
- Оқушыларымыз үлкен, халықаралық дәрежедегі жарыстарға, Азия чемпионаттарына, әлем чемпионаттарына қатысқан спортшыларымыз бар мақтанып айтарлықтай. Әр ел чемпионатында біздің спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазақстан чемпиондары да бар.
Жылыой ауданында шағын футбол енді дамып жатыр. Дегенмен аудан жастары жақсы көрсеткішке ие. Жуырда ғана әуесқойлар арасындағы ҚР чемпионатында үшінші орын иеленіп, облыс намысын қорғап келді. Былтыр ашылған Жігер спорт кешені қазір аудан жастарының дайындалуына мол мүмкіндік беріп отыр.
Қуанышбек Амангелді, спорт кешенінің басшысы:
- Құлсары қаласында, өкінішке қарай, бір спорт залы болғандықтан ба, қазір жаймен-жаймен дамып жатыр. Жігер спорт кешенінде қазіргі таңда 140-қа жуық жасөспірім бала дайындаймыз. Кәсіпқой деңгейге дейін апарамыз ба деген ниетіміз, ойымыз бар. Осы жасөспірім балаларды Жылыой ауданы, Құлсары қаласының атынан шығарамыз ба деген.
Әлібек Науаров, Жылыой аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Жалпы аудандағы спорттың 17 түрі қарқынды дамып жатыр. Орта білім беретін мектептердегі дене шынықтыру даярлық клубындағы жаттығушылар санын қоса алғанда жалпы ауданда 5 мыңға жуық жасөспірім спортпен тұрақты түрде айналысып жатыр.
Жуырда аудан орталығында тағы бір спорт кешені пайдалануға беріледі. Мұнда шағын футбол залы, бокс, қазақша күрес сынды спорт үйірмелері болады. Құрылыс компаниясы нысанды мамыр айында беруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.