Білім беру платформалары интернетсіз жұмыс істеуі керек – депутат

Елде мыңнан аса ауылда интернет жоқ. Қашықтан оқу былай тұрсын, мектептерде қарапайым сайтты ашу мұң. Елді мекендерге жылдамдығы жоғары интернет қашан жетеді?

Шығыстағы Убинканың тұрғындары интернетке қосылу үшін мына бір төбешіктің басына жиылады. Бұл ауылға интернет қашан бұйырады? Әсіресе, онлайн форматқа көшкен оқушылар үшін қиын. Талайы сабақ оқи алмай, ашытады екен миын.

Дмитрий Безверхний, Убинка ауылының тұрғыны:

– Тапсырманы орындаған соң, оны жіберу керек қой? Ол үшін бәрі дәл осы жерге келеді. Күн қысқа. Кешке, қас қарая қалай келеді? Әсіресе, бастауыш сыныптағы оқушылар үшін қорқамыз.

Убинка ауылында жүзден аса оқушы бар. Көпбалалы ана Анна Коровченконың қолынан телефон түспейді. Екі қызы берілген тапсырманы дер кезінде істейді. Бірақ мұғалімге жіберу қиын іс дейді.

Анна Коровченко, Убинка ауылының тұрғыны:

– Біз интернетті жеделдету үшін мынадай роутер сатып алдық. Бірақ одан да пайда болмады. Қазір, міне, ешқандай  сигнал жоқ. Бұл құрылғыны да босқа алыппыз.

Нұрғиза Садықова, фельдшерлік-акушерлік пункт дәрігері

– Интернет жоқ. Компьютермен жұмыс істей алмаймыз. Байланыс іздеу үшін көше аралап кетеміз. Жедел жәрдемді шақырту үшін байланыс бар орын іздейміз. 

Қазір бәрі интернетке тірелген заман ғой. Онсыз іс бітпейді. Адам керегін содан жүктейді. Алайда елдегі 6 жарым мыңдай ауылдың 1100 ден астамында интернет жоқ.

Әсел Мизамқызы, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің ресми өкілі:

– Интернеті жоқ ауылдардың жартысына жоспар бойынша қолда бар технологиялармен 2024 жылға дейін жеткізіледі. Ал жартысына – 617 ауылға қазіргі технологиялармен жеткізу мүмкін емес. Таулы тасты жерлер немесе тым шалғай ауылдар. Сондықтан оларға геостационарлық емес орбиталды жүйе арқылы жеткізіледі.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, елдегі 7550 мектептің 58-інде мүлде интернет жоқ. 192 мектепте интернет жылдамдығының төмендігі сонша, қарапайым сайтты ашу, интерактивті сервисті жүктеу мүмкін емес.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз БҒМ және Цифрлық даму министрліктерінің құжаттарын ашқан кезде қала мектептері үшін интернеттің жылдамдығы бойынша жоғары параметрлер енгізілген. Ал кейбір ауыл мектептері үшін интернеттің жылдамдығы төменгі параметрлер. Яғни, төменгі жылдамдық енгізілген. Осы кезден бастап-ақ білім саласындағы цифрлық теңсіздікке жол беріп отырмыз. Сондықтан өзіміздің сауалымызда үкімет мүшелеріне ауыл мен қала мектептерінде интернет жылдамдығын бірдей қылуды ұсынып отырмыз.

Интернет болмаса бала қашықтан қайтіп оқысын? Білім беру платформаларына кіру де мүмкін болмайды ғой. Енді қайтпек керек? Депутаттар үкіметке мынадай ұсыныс айтыпты. «Күнделік», «OnlineMektep», «Mektep.edu», «Bilimal», «Daryn Online» сынды білім берудің бес платформасын біріктіру керек.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бір платформа жасауымыз қажет. Не себепті? Мысалы, мен ата-ана ретінде баламның бағасын көру үшін «Күнделікке» кіремін. Бірақ баламның сабағын түсіну үшін мазмұн бойынша «Онлайн мектепке» кіруім керек. Тағы да басқа, инновациялық, сондай-ақ дидактикалық материалдарды алу үшін «Дарын онлайнға» кіремін. Мен неге осындай 3-4 порталға кіруім керек? Түсінесіз бе? Бұл, біріншіден, уақытты шектейді, екіншіден, баланың зейінін шектейді. Сондықтан осы қазір БҒМ таңдап отырған 5 платформаны біріктіріп, интеграциялауды жүзеге асыруды қажет деген ұсынысты үкімет мүшелеріне жолдадық.

Депутаттардың тағы бір ұсынысы – бес платформаны біріктірген соң, оны интернетсіз жұмыс істейтін қылу керек. Қаңтар оқиғасы кезінде банк қосымшалары интернетсіз-ақ қызмет көрсетті емес пе? Тура сөйту керек.

Ал цифрлық даму министрлігі 2025 жылға дейін елдің барлық ауылы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі дейді. Технологиялар жетіледі деп сендірді. 

Қорған Қонысбайұлы