БҚО-да бір мектепте екі ауданның балалары оқып жүр  

 

Ақсай қаласында екі шағын ауданның балалары бір мектепте оқып жүр. Оқушы саны көбейіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп үш ауысымға көшуі мүмкін. Орын тапшылығына байланысты кітапханалар да сынып бөлмесіне айналған. Қоңырау соғылғаны сол еді, санаулы секунд ішінде дәлізде ине шаншыр орын қалмады. Бұл – №6 мектеп-лицейіндегі күнделікті көрініс. Ғимарат ашылған жылы 720 оқушы қабылданса, бүгінде 1600-ден асты. Жобалық сыйымдылығы бойынша 36 сыныпқа шақталған, ал қазір 87 сынып бар. Мектеп басшылығы балаларға орын таппай әлек.

Күнсұлу Сұлтанова, Ақсай қалалық №6 мектеп-лицейінің директоры:

– Бұл – біздің кітапхана. Мектепте бала саны күрт артқан соң кітапхананың жартысын оқу кабинетіне айналдырдық. Бұдан бөлек тағы кітап қорлары бар. Ол орынды да сынып ретінде қолданысқа бердік.

Білім ошағы бірер жыл бұрын «Облыстың үздік мектебі» атанып, 34 млн теңге грант ұтып алды. Қомақты қаражатқа 4 арнайы оқу кабинеті жасақталған. Балалардың жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Әйткенмен соңғы кездері мекеме жүктемесінің күрт артуы білім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені орын тапшылығы күнделікті сабақ мен қосымша курстардың кестесіне қиындық тудырып тұр. Жергілікті әкімдік өкілдері қос шағын ауданға мектеп салу жоспарланғанын айтады. Алайда әлі күнге жобалық-сметалық құжаттар дайындалмаған.

Айымгүл Тіржанова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– 10 шағын ауданда 1200 орындық және 13 шағынауданда 575 орындық мектеп негізі жоспарда бар. Жер телімі бөлініп тұр. Қазіргі таңда қандай жолмен бұл мектептер салынады? Инвесторлар ма, әлде бюджеттен қаражат бөліне ме? Сол қаралып жатыр. Әлі ПСД-лары жоқ, бірақ жер дайын.

Былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында шаһардың 10 шағын ауданында қос көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнда 350-ден астам отбасы көшіп келген. Қазір тағы көппәтерлі баспаналар салынып жатыр. Ендігі жылдың еншісінде де құрылыс жұмыстары күтіп тұр.

Асланбек Ибасов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

– 198 пәтерлі жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 9 қабатты үйдің құрылысы жалғасуда. Аяқталуы төртінші тоқсанға жоспарлануда. Одан бөлек, 126 пәтерлі банк салымшылары және ЖАО кезекті тұрған азаматтарға арналған жоспарланған. 2021 жылы Ақсай қаласының бас жоспарына өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар 14 шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспары анықталды. Жоспарға сәйкес, 5 қабатты тұрғын үйлер салуды жоспарлап отырмыз жеке және бюджеттік қаражат есебінен. Сол шағын ауданның жоспарында мектептің құрылысы бар.

Сонымен қатар өндірістік қалаға оңалту орталығы қажет. Бөрлі ауданы бойынша 181 мүгедек бала бар. Оларды емдету үшін ата-аналар өзге қалаларға баруға мәжбүр. Шаһарда балалардың шығармашылық қабілетін шыңдау бағытында оқушылар сарайын да салу өзекті. Бүгінде 4 мыңға жуық жеткіншек мектептен тыс білім беру ұйымдарына барып жүр. Алайда арнайы ғимараттың жоқтығы мүмкіндікті тежейді. Әкімдік өкілдері аталған әлеуметтік жобалар моноқаланы дамытудың алдағы бесжылдық жоспарында қаралғанын алға тарты.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов