Атырауда 26 мектептің ғимараты тозып тұр

Атырауда 36 білім беру ұйымының ғимараты әбден тозған. Мектеп пен балабақшалар кейінгі 20 жылда мүлде жөндеу көрмеген. Ескірген білім ордасы мәселесін тұрғындар жиі көтереді. Ата-аналардан түсетін арыз-шағым көбейген.

Қаладағы №13 Дүйсенғали Байбосынов атындағы орта мектептің салынғанына 50 жылдан асты. Соңғы рет 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір білім ошағының кәріз, жылу жүйелері сын көтермейді. Қабырғалары да қақырап тұр. Жыл сайын бетін сылап-сипағанымен уақыт өте тозып барады. Жарық мәселесі де титықтатып біткен. 

Гүлбағыш Бақтығалиева, Д. Байбосынов атындағы №13 орта мектеп директорының орынбасары:

- Қазіргі уақытта көп компьютер қосылады. Сондықтан электр жарығы көтермей қалады кейде. Сондай жағдайлар болып тұрады. Енді іште сөніп қалған, өртеніп кеткен жағдайларда өзіміз электрикпен жөндеп аламыз. Қыста көбіне жылу аз болады. Кейбір спорт зал жақтарымыз жылынбай қалады. Батареялар 18 жыл болды ғой ауыстырылмағанына, бірақ жылда өзіміз тазартып отырамыз. 

Қатты дауыл кезінде білім ошағының шатыры да ұшып кеткен. Қазір мектеп басшылығы өз күшімен жөндеп жатыр. Шіріген құбырлар да қиындық тудырады, дейді мұғалімдер.

- Мынау жылу жүйесінің трубасы. Асты шіріп, қыста қысымға шыдамай, тесіліп жарылып, су бетіне шығып кетті. Сосын өзіміз трубаны ауыстырып, өзіміз жасп қойдық. 

Бір мектепті күрделі жөндеу үшін жасалатын жобалық-сметалық құжаттама мен оны мемлекеттік сараптамадан өткізу құны шамамен 5 млн теңге болады. Ал күрделі жөндеудің өзі 300-400 млн теңгеге жуықтайды. Қазір мұнайлы шаһардағы 36 білім беру ұйымының ғимараты бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Оның 26-сы мектеп, ал қалғаны балабақша. 6 нысанды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын болғанымен қаржы әлі бөлінбеген.

Қайрат Қуанышев, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Білім беру ұйымдарына қатысты ата-аналар мен оқушылар тарапынан арыз-шағымдар көп түседі. Мысалы қыс мезгілінде №13 Әлия Молдағұлова атындағы мектептің терезелеріне жел өтеді. Ал жаңбыр күндері №30 мектептің төбесінен су ағады. Ғимарат тиісті деңгейде жылытылмайды. 

Биыл облыс бойынша 5 білім беру ұйымының ғимаратын жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 мрлд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин