Өзін өзі тану пәні міндетті болмайды

Елімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бірнеше миллион бөлінеді. Бұл тек бір пәнге қарастырылған қаржы. Ал келесі оқу жылынан бастап Өзін өзі тану сабағы міндетті болмайды. Онда оған қазынадан қыруар қаржы бөлу қаншалықты дұрыс?

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметтерге сүйенсек (госзакуп), білім және ғылым министрлігі екінші жыл қатарынан адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтымен келісім-шарттар жасасып, тығыз жұмыс істеп келеді. Бұл ұйым былтыр ақпанда пайда болған. Алғашқы шарт сол кезде 150 алматылық орта білім беру мұғалімі үшін 3,5 миллион теңгеге жасалған. Қазір ұйыммен жасалған шарттардың жалпы сомасы - 6,5 миллиард теңге. Хош, ал ұйым ұстаздарды қалай және қандай бағытта оқытып отыр, қарап көріңіз. 

ЦИТАТА (графика)

Дәйеккөз (курстың техникалық сипаттамасы):

Курстың міндеттері:

1) адамгершілік-рухани білім беру саласындағы білімді кеңейту және тереңдету

2) Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында педагогтардың өзін өзі тануды оқытуға практикалық дайындығын қамтамасыз ету

3) Мұғалімдердің өзін-өзі дамытуға және өзін өзі жетілдіруге дайындығына ықпал ету 

Биыл БҒМ адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтымен 7 шарт жасаған. Келісім бойынша мемлекеттік мектептердің мыңға жуық ұстазы 307 миллион теңгеге оқытылуы тиіс. Әлгі рухани даму үшін. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларын рухани ағартуға тағы 26 миллион теңге бөлінді. 

Балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілері де тыс қалған жоқ. Олар үшін 70 миллионнан астам теңге қазынадан қарастырылған. Әзірге шенеуніктер келісім-шартты бұзуға асығар емес. Осы уақытқа дейін Шымкент, Алматы қалалары мен елорданың 6 мыңға жуық мұғалімі әлгі институт арқылы өзін өзі танудан біліктілігін арттырып үлгерді.

Жомарт Қарамбаев, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:

- Осы пәннің бағдарламасы басқа пәндермен интеграция жасалады. Ол мүлде алып тасталады деген мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Сондықтан мұғалімдерді де осы курстан өткізу мәселесі де өзгереді. Қазіргі күні осы курсты өткізіп жатқан ұйыммен келісім-шарт бойынша сұрақ қарастырылып жатыр. 

Алдағы оқу жылынан бастап өзін өзі тану пәні мектептерде міндетті болмайды. Таңдау сабағы ретінде қалады. Дегенмен, міндетті емес пәнге қазынадан қыруар қаржы бөлу қаншалықты дұрыс?

Айта кетейік, педагогтар енді біліктілікті арттыру курстарынан бес жылда бір рет емес, үш жылда бір рет өтеді. Салалық министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл мұғалімдерге аттестаттаудан өту кезінде септігін тигізеді. 

Гүлзия Нақыпқызы, Артур Горшняков