Өскемендегі форумда жастар ақпараттық технологияны игеру талпынысымен​ таңқалдырды

Ғарыш кемесін қуаттайын құрылғы. Электр торабындағы ақауларды анықтайтын дрон. Қымызды өздігінен пісетін автоматты піспек. Шығыс қазақстандық өрендердің қолынан шыққан осындай дүниелер бүгін Өскеменде өткен «New generation» IT форумында көрсетілді. Президент жарлығына сәйкес, биылғы «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған шараға жүзден астам жоба авторы қатысты. ​Форум соңында олардың ең үздігіне облыс әкімінің гранты табысталды. Өңір басшысының қолдауымен бұл шара дәстүрлі түрде тоғызыншы мәрте өтті.

«New generation» IT форумында жастардың ақпарттық технологияны игерудегі талпыныстары​ таңқалдырады. Әли Әскерханов өзі​ электротехникалық колледжде оқып жатқандықтан осы саладағы мәселеге ден қойыпты. Сөйтіп, ол электр торабынан​ шыққан ақауды қауіпсіз тексеріп анықтау үшін арнайы дрон бағдарламалаған. 

Әли Әскерханов, электротехникалық колледж студенті:

- Облыста электр желісі​ тозып тұрған қазіргі кезеңде мұндай дрон аса қажет. Біз ақау болған жерді осы ​аппаратты басқарып анықтаймыз әрі үзілген сымда ток көзі бар ма, жоқ па, оны да білеміз. Бұл адам өмірін үлкен қауіптен сақтайды деген сөз.

Ал Ұлан ауданынан келген Нұрай Қуаныш бие сауып, қымыз ашытатын шаруашылықтардың жұмысын жеңілдетуге тырысыпты. Ол автоматты түрде жұмыс істейтін піспек ойлап шығарған.

Нұрай Қуаныш, оқушы:

- Ең бастысы​, аккумулятор мен піспектің өзі қажет болды, құрылысы өте оңай жасақталған, оны жайлауға да апарып токсыз да тек аккумулятор көмегімен ғана қолдана беруге болады, яғни ұзаққа жетеді.

Мұнда тіпті 7 жастағы бүлдіршіндер де ​ белсенді. Олар алқапты суаратын техника​ жобасын әкеліпті. Ал зайсандық оқушылар асық ойынының электронды нұсқасын ойластырып шыққан екен. 

Денис Рыпаков, облыстық маслихат депутаты:

- Форум тек жобаларды емес, бізге талантты балаларды таныстырады. Сондықтан оларды қолдап, мүмкіндіктер беріп өз елімізге қызмет етуге жағдай жасауымыз керек.

Форум соңында үздік деп танылған 12 жобаға облыс әкімінің атынан жалпы 13 миллион теңгенің гранты ұсынылды. Зайсандық Дарынұлы Әлхадырдың мал суаруға арналған ерекше жобасы 1 миллион 300 мың теңге қолдауға ие болды. Ал латын әліпбиін үйренуге арналған бағдарлама ​авторлары 800 мың теңге грант иеленді. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов