Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі

Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріліп, ол бюджет есебінен қаржыландырылады. Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беріледі.

Ал бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы қайта ашылады. Мұны Мемлекет басшысы айтты. Алматыға сапары барасында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Біздің жұрт қай кезде де ілім, білімге құштар болған. Ғылымды жанып тұрған шырақ деп біледі. Ал ғылымның ордасы Ұлттық академия. 1946 жылдың бірінші маусымында, яғни дәл осы күні Қазақ Ғылым академиясы құрылды. 75 жылда талай сүрлеу-соқпақтан өткен Академияны жаңа биікке шығаратын уақыт жетті. Әйтпесе құзіреті аз. Ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр. Сосын салалық журналдар шығарады. Бар болғаны осы. Сайып келгенде академиктердің өзі Академияның болашағына күмәнмен қарайды. Сондықтан Президент қара шаңырақты жаңғыртып, мәртебесін көтеру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Академияның мәртебесін көтеру керек деп санаймын. Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың ролін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. 

Алдағы уақытта ғылыми басымдықтарды дәл осы Академия айқындайды. Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға беріледі. Бізде құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндер бар. Жасыратыны жоқ. Бұл тіпті үрдіске айналып барады. Соның кесірінен мемлекеттің қыруар қаражаты босқа кетеді. Енді мұндай атаққұмарларға біржола тосқауыл қойылады.

Академиктерге өмір бойы стипендия беріледі

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Оның жолдарын жан-жақты ойластырған жөн. Бүгінде академиктеріміздің орташа жасы 74 жас. Сондықтан Академияның құрамына беделді, болашағы зор ғалымдарды қосқан абзал. Қарапайым тілмен айтқанда, Академияны мансап қуып, ғылымға кездейсоқ келген адамдардан сақтау керек. Академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет. Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесін шешу керек.  

Ғылым қаржыландыруға жеке инвестиция тартылады

Ғылым қаржыландыруға жеке инвестиция тартылады. Мемлекеттік бюджетпен қатар жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар және ірі жеке сектор мен өзге де ұйымдар ғылымға қарайласып, қолдау көрсетіп тұруы керек. Тіпті олар қаржыландырудың негізгі көзі болады деді Қасым Жомарт Тоқаев. Тағы бір маңызды мәселе – саланы цифрландыру. Білеміз, технологиясыз ғылым жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек деп санаймын. Ғылыми қызметті тиімді басқару және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу маңызды міндеттің бірі. Сол себепті осы саладағы барлық үдерісті тезірек цифрландыру керек. IT саласындағы соңғы жетістіктерді пайдаланып, Қазақстан ғылымының бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға тиіспіз.

Ғалымдар «менің ісім зерттеу» деп қоғамдық істерден қол үзбеуі керек. Елдің руханиятына да баса мән бергені жөн. Мемлекет басшысы кіл марқасқа академиктерді осыған шақырды. Жас буынның тәрбиесіне жауапты болуға үндеді. Әйтпесе шектен шыққан жастарды көріп жүрміз.

Қорған Қонысбайұлы