Алматылық түлектер шетелдік ЖОО грантына ие болды

Алматылық түлектер шетелдік ЖОО грантына ие болды

Биыл Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 140 түлек аяқтады.

Олардың тоғызы «Алтын белгі», 24-і үздік үлгідегі аттестат алды. Барлығына аттестат салтанатты жағдайда табысталды. Бұл білім ошағы жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша үшінші жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық команда» атанып отыр. Оқу ордасының бұдан өзге де жетістіктері көп. Мектеп бітірушілердің бірқатары беделді отандық және шетелдік университеттердің грантына ие. Жыл сайынғы осы мектеп түлектерінің «Шырмауық лигасына» түсу дәстүрін Дана Ерали мен Алима Тұяқаева жалғастырды.

Алима Тұяқаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі:

- Әлемнің ең мықты университеті болып саналатын Шырмауық лигасына кіретін Пенсильвания университетіне түскенмін. Ол Уолтон бизнес мектебі болып табылады. Яғни мен ол жерде қаржылық сауаттылықты, маркетинг пен бизнесті үйрене аламын. Осы мектеп маған осындай мүмкіндік бергеніне, осындай жоғарғы оқу орнына түскеніме қуаныштымын.