Оқушылар халықаралық химия олимпиадасынан жүлдемен оралды

Оқушылар халықаралық химия олимпиадасынан жүлдемен оралды

Қазақстандық оқушылар химиядан халықаралық олимпиадада 1 алтын мен 3 күміс медаль жеңіп алды. Мұны оқу-ағарту министрі өз телеграм парақшасында жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, еліміздің атынан 4 оқушы қатысты. Олар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынасты.Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жарыс, бұл жолы Қытайда Тяньцзинь қаласында өткен. Ұлттық құрамаға 5 жылда алғашқы алып отырған алтынды Мадияр Қасымалы әкелсе, Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдені еншіледі. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен болатын.

Айта кетерлігі, осындай олимпиадалардың жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйақы алып, отандық жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ түсе алады.