Отандық ғалымдардың өнертабысы таныстырылды

Бірегей өнертабысты жарыққа шығару үшін жас ғалымдар 8 ай уақыттарын жұмсапты.

Өсімдік тамырынан алынған микроорганизмдердің токсикалық және  инфекциялық қасеттерінің бар-жоғы толықтай тексерілген. Нәтиже қуанарлық ,- дейді ғалымдар. Микроорганизмнен бөлінген биопластикті еш кедергісіз қолдануға болады.    

Аида Қыстаубаева, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Биотехнология кафедрасының меңгерушісі:

- Эндофит микроорганизмдерді бөліп алдық, оны біз өсімдіктің тамырынан бөліп алдық. Өсімдік тамырында бұл микроорганизмдер пластик сияқты полимерлерді бөліп шығаратын болған. Бұл псевдомонадо түріне жататын бактериялар. Қазіргі уақытта біз оның түрін толығымен зерттеп шығардық.

Биопластик қазір әлемде үлкен сұранысқа ие. Себебі, бұл өнім табиғатта тез ыдырайды. Қалдық ретінде қаупі жоқ. Қолданылу аясы да кең. Мәселен, биопластиктен медицинада жасанды тамыр жасауға болады. Ал, ауылшаруашылығында жеміс-жидектердің сыртына жағу арқылы балғындығын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік мол.

Людмила Игнатова, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ биотехнология кафедрасының доценті:

- Биопластикті тұқым қабығы ретінде пайдалануға болады. Мұндай жабындар тұқымның сапасын жақсартады, оларды тұқымның өнуіне ықпал ететін әртүрлі қоректік заттармен байытуға болады. Сондай-ақ биопластикпен қапталған  тұқым сыртқы ортаның әсерінен қорғалады.

Қазір ғалымдар өнертабысты гранттық қаржыландыруға өтініш берген. Жоба мемлекеттен тарапынан қолдау тапса, зерттеуді жетілдіріп, алдағы үш жылда ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге дайынбыз, - дейді мамандар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон