Оралда 20 мектеп күрделі жөндеуді талап етеді

Балалар жаңа оқу жылын тағы да ескірген ғимараттарда қарсы алуға мәжбүр. Ата-аналар біраз жылдан бері білім мекемелеріне де, әкімдікке де барып, уәжін айтқан. Әйткенмен, әлі күнге жаңарту жұмыстарының басталар түрі жоқ.

Шаһардағы №9 мектеп осыдан 34 жыл бұрын салынған. Содан бері жібі түзу жөндеу көрмепті. Ғимарат әдбен тозып тұр. Жақында қабырғалары әктеліп, жақтаулары сырланғаны болмаса жаңарған түгі жоқ. Терезелерден жел гулейді. Оларды полиэтилен пакетімен жауып қойыпты.

Әділбек Таңжарықов, қоғам белсендісі:

- Школдың жағдайы жаман. Анда терезелер ашылмайды, жазда ауа жетпейді, қыста салқын. Свет жоқ. Бәрін жаздым. Облыс әкіміне барып айттым, Гали Нажимеденовичке. Ол айтқан қалалық білім бөліміне шаруасын бітірсін деп. Әлі жүр. Ақша жоқ, ақша жоқ. Обланоға бардым, горОНО-ға бардым.

Майра Есенғазиева, қалалық №9 ЖОББ мектебінің директоры:

- Бұл қосалқы кабинеттер. Іші суық болмас үшін терезелерді осылай полиэтелин пакетімен жауып қойдық. Ал оқу кабинеттерінің терезесі бүтін. Санитарлық талапқа сәйкес, бәрі ашылып, жабылады.

Мұнда 2 мыңға жуық бала оқиды. «Қайткен күнде мектептің есік-терезелерін, шатырын түгел ауыстырып, қабырғалары мен еденін жөндеу қажет» дейді тұрғындар. Бұл бағытқа бір млрд теңгеден астам қаражат жұмсалуы тиіс. Мектеп басшылығы жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін мәлімдеді.

Майра Есенғазиева, қалалық №9 ЖОББ мектебінің директоры:

- Расымен, мектепті жаңғырту мәселесі өзекті болып тұр. Жөндеуге 1 млрд 30 млн теңге шамасында қаражат керек. Бұл өткен жылғы бағамен есептелген. Бюджеттік өтінім жолданды. Әкімдік қала мектептерін жөндеуге қаражат бөлсе, ең алдымен осы №9 мектептен бастайтынын жеткізді.

Қалада дәл осындай 20 мектеп күрделі жөндеу күтіп тұр. Білім бөлімінің баспасөз қызметі солардың бесеуіне ғана жобалық-сметалық құжаттар дайындалғанын хабарлады. Десе де, жаңғыру жұмыстарының мерзімі әлі белгісіз. Ал қалған 15 білім ошағының келешегі тіптен алаңдатып отыр. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов