ЕҰУ оқытушы-профессорлары Өзбекстан студенттеріне дәріс оқыды
Еуразия ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары Өзбекстанның оқу орындарында дәріс оқыды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сапар Ташкентте басталып, Ферғанада жалғасты. Білім саласындағы ықпалдастықтың көкжиегі кеңейді. Дәріс көрші ел студенттерінің саясаттану және аймақтану ғылымдарына қызығушылығын арттырды. Көршімізде бұл салада білікті маман аз.
Кафедра жетекшілері Бағыш Габдулина мен Айгерім Оспанова білгендерімен бөлісіп, ниеттілерді ұлттық университет студенті атануға шақырды. Шетелдіктерге арналған 200 гранттың бір бөлігі қандастарға берілсе, қалғаны стратегиялық тұрғыда серіктес елдердің еншісіне тиеді. Оның үстіне Өзбекстан Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған жастарға еселеп жалақы төлеуді көздеп отыр. «Бұл олардың шетелде сапалы білім алып, кейін Отанына оралуға жағдай жасайды», - дейді мамандар.
Бағыш Габдулина, ЕҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі:
- Дәріс оқумен қатар біз университеттегі маңызды мәселе – үкіметтің қойған стратегиясы. Ол – қос дипломды жүзеге асыру, шетелде филиалдар ашу. Сонымен қатар халықаралық ғылыми жобаны жүзеге асыру. Осы орайда өзіміздің тарапымыздан бастамаларымызды өзбек әріптестерге ұсындық. Өзбекстанның қос диплом бағдарламасын енгізуге мүдделігін байқадық.