Педагогтардың еңбекақысы 30%-ке өседі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кездесеуде Президентке саланы серпілтуге бағытталған шаралар баяндалды. Атап айтсақ, қыркүйектен бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагогтардың еңбекақысы 30%-ке өседі. Сондай-ақ жыл соңына дейін балабақшаларда 81 мың орнын ашу жоспарланып отыр. Бастауыш сынып оқушылары мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 98 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Педагогтарды аттестаттау рәсімі де жетілдіріледі. Техникалық және кәсіптік білім алушы студенттердің 80%-і тегін оқиды. Қыркүйек айынан бастап олардың шәкіртақысы 50%-ке, ал келесі жылы 100%-ке артады. Кездесуде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік те назардан тыс қалмады. Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне ұдайы көңіл бөлуді тапсырды.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Мемлекет басшысы білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысына ден қоюды тапсырды. Сонымен қатар білім берудегі техникалық, инженерлік ойлау қабілеттерін оқушылардың арттыру бағытына мән беру тапсырылды. Одан бөлек, жалпы мектепке дейінгі тәрбие, орта білім және кәсіптік білім саласындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.