Ақтауда қазақ-неміс тұрақты инженерия институты құрылды

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Ақтаудағы қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ғимаратының құрылысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда олар «уақыт капсуласын» салу рәсіміне қатысты. Қазіргі таңда Маңғыстау облысында энергетика саласында бірқатар ірі жобалар іске асып келеді. Соның бірі – «жасыл» сутегін өндіретін зауыт. Жаңа институт инженерия саласындағы озық тәжірибе негізінде техникалық мамандар дайындайды. Институт биыл алғашқы студенттерді қабылдайды. Олар 2029 жылы диплом алады. «Уақыт капсуласын» ашу құрметіне осы алғашқы түлектер ие болады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан мен Германия ғалымдары ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. Жақсы жетістіктер де бар. Осыған байланысты Есенов университеті базасында Қазақстан-неміс тұрақты инженерия институтын құру өте өзекті екенін атап өткім келеді. Институт сұранысқа ие кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге, жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде жасыл сутегі өндірісі саласына өз үлесін қосады.