Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында бірлескен сейсмологиялық жобалар жүзеге асып жатыр
Халықты табиғи апаттардан қорғауды қамтамасыз ету кез келген елдің Ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізі саналады.
Сондықтан бұл салада бірлескен ғылыми зерттеулердің маңызы зор.
Бүгін Алматыда басталған XI Қазақстан-Қытай Халықаралық симпозиумына қатысушылар сейсмология саласындағы теориялық, тәжірибелік әдістерді талқылады.
Әлемде зілзалаға бейім аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселелер қатарында. Бұл Орталық Азия үшін де маңызды. Әсіресе Алматы қауіпті аймақтардың біріне жатады. Мамандардың зерттеулері мен талдаулары негізінде мегаполис аумағы 9 және 10 балдық қауіпті аймақтарға бөлінген. Бүгінде Қазақстанның Сейсмология институты жер сілкінісі қаупі зор аймақтардың аудандастыру картасын жасады. Ғылыми негіздемеге сәйкес аумақтағы құрылыс саласында тиісті ережелер ескерілуі тиіс.
Нұрсәрсен Өзбеков, Сейсмология институты директорының ғылыми ісі жөніндегі орынбасары:
- Қазақстан республикасының территориясына арналған жалпы сейсмикалық аудандастыру картасы және Алматы қаласына арналған шағын сейсмикалық аудандастыру карталары жасалып, осы жасалған ғылыми негіздер бойынша сейсмикалық құрылыс нормалары қабылданды, олар іске енгізілді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз ынтымақтастық аясында бірлескен сейсмологиялық ғылыми жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, шекаралық аймақтардың терең геологиялық құрылымдарын зерттеу, болжамдық сынақ алаңдарында электрометриялық өлшемдер жүргізу, жер қыртысының заманауи қозғалысын зерттеу жүргізілді.
Люй Джи Йонг, ҚХР ШҰАА жер сілкінісі бойынша әкімшілігінің басшысы:
- Бірлескен жұмыстар сейсмикалық қауіпті бағалау және аймақтың детерминирленген картасын жасау үшін маңызды. Сондықтан біз табиғи апаттардың ықтимал көздерін іздестіру үшін шекаралас аймақтардағы бірлескен тектоникалық экспедициялар мен терең геологиялық құрылымдарды зерттеуді жалғастыруымыз керек.
XI Қазақстан-Қытай Халықаралық симпозиумы аясында ғалымдар жер сілкінісіне палеосейсмологиялық зерттеулер жүргізу мақсатында 28 қыркүйекте Алматы облысына барады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов.