Ақтөбе облысында «Дипломмен ауылға» аясында 115 маман баспаналы болады

Ақтөбе облысында биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 115 жас маман баспаналы болмақ.

Оларды көтермеақы және баспанамен қамту үшін бюджеттен былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда қомақты қаржы қаралған. Тек тұрғын үй алып беруге 960 миллион теңге бағытталмақ. Ал аймақта мұғалімдер, дәрігерлер, ветеринар және т.б. сала мамандарына сұраныс жоғары.

Зарина Әмітжан алғашқы еңбек жолын ауылдан бастаған жас мамандардың бірі. Былтыр ғана жоғарғы оқу орнын тәмамдап, туған жері Ақтасты елді мекеніне келген ол жуырда жергілікті әкімдікке орналасқан. Пайда болған бос жұмыс орынына қол жеткізу үшін бірнеше үміткермен бірге тиісті байқауға түсіп, сүрінбей өтті. Өзі көпбалалы қарапайым отбасында тәрбиеленген. Қазір ауылдағы әлеуметтік жағдайға және басқа да мемлекеттік органдармен байланысты нығайтуға жауапты қызметкерлердің бірі.

Зарина Әмітжан, ауылдық округ әкімдігінің бас маманы:

- Өзімнің еңбек жолымды ауылдан бастайын дедім, туған жерім. еңбек жолымды осы мемлекеттік қызметтен бастағаныма қуанам. Себебі, көп нәрсені үйрендім. Халықпен жұмыс жасап үйрендім. 

Ал биыл ауыл аймақта жұмыс істеймін деген жүздеген жас үшін жағдай жасалмақ. Атап айтқанда, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 115 маманды баспанамен қамту үшін бюджеттен 960 млн теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, 416 азаматқа көтерме ақы берілетін болады.

Қайрат Ақатай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:

- "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша бюджеттік несие және көтерме жәрдемақы қарастырылған. жаңадан келіп жатқан маман ауылға өзінің жағдайын, түрмыстық техника дейді тағы да басқаларды өзіне алып. Ал бюджеттік несиеде өзінің талаптары, міндеттері бар. Иә, баспана салуға немесе сатып алуға. 15 жылға беріледі 0,01 процентпен. Бізде қазір бағдарламаның негізгі мақсаты сол. Білімді мамандарды ауылдарда сақтап қалу мақсатында сондай жағдай жасалған.

Бұл жастар үшін тиімді бағдарлама. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша Әйтеке би, Байғанин, Мәртөк және Темір аудандарында білімді жастарға сұраныс артқаны байқалып отыр. Бұл өлкелерге барғандардың 75 проценті білім және денсаулық сақтау саласына бағытталған. Биыл қолына диплом алатын оқу орындарының түлектері де қазір аудандар мен еңбекпен қамту орталықтарының әлеуметтік желілерде жариялайтын ұсыныстарын қадағалап жүр.

Әміре Жұмағазиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің департамент директоры:

- Жалпы саны 200-ге жуық түлек осы бағдарламаға қызығушылық танытуда. Атап айтсақ, математика пәні мұғалімі, физика пәні мұғалімі, география, қазақ тілі, ағылшын, тағы сол сияқты. 

Бағдарлама іске қосылған 2009 жылдан бері Ақтөбе облысында мыңдаған маман ауылға аттанған. Бүгінде, аудандарда мұғалім және медицина қызметкерлерінен өзге, спорт, мәдениет, агроөнеркәсіп және әлеуметтік қамсыздандыру салаларынан жас маманға сұраныс көп.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев