Алматы энергетика және байланыс университетінде түлектер кездесуі өтті
Алматы энергетика және байланыс университетінде дәстүрлі «түлектер кездесуі» өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Салтанатты шарада оқу орнының басшылығы білім ордасын дамытудың жаңа бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, академиялық стандарттар көтеріледі. Еуропа, АҚШ, Қытай және басқа да елдердің жетекші ғылыми орталықтарымен бірлескен білім беру бағдарламалары енгізіледі. Отандық энергетика саласы үшін кадрлар даярлау бойынша Мәскеу энергетикалық институтымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жоғары технологиялық жаңа университет ғимараты салынады. Шара барысында қонақтар студенттер мен ғалымдардың ғылыми әзірлемелерімен танысып, университеттің зертханаларын аралады.
Ғани Нығыметов, Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры:
- АУЭС Кеңес Одағының кезінде үшінші энергетикалық жоғары оқу орын болған. Сол себептен біз бұл университетті Орталық Азияның ең мықты энергетикалық университетіне айналдыруымыз қажет. Сондай алдымызға мақсат қойып отырмыз. Жоспарларымыз өте көп.