Қазақстанда мамандар сұранысқа сай даярланады

Жалпы елде 180 мыңнан астам оқушы 11 сыныпты тәмамдап, алтын ұя мектебінен түлеп ұшты, деп хабарлайды 24KZ.

Ендігі міндет – мамандық таңдаудан жаңылмау. Ғылым және жоғары білім министрлігі биыл да мемлекеттік білім беру гранттарын үлестіруде экономикамызға аса қажет бағыттарға басымдық береді. Ал жастар қай мамандық түріне бет бұрып отыр?

Асылай Бисенбай – биылғы талапкер. Ертең Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Сынаққа қыркүйек айынан бері тыңғылықты дайындалып жүр. Аралық бақылауларда 100-ден жоғары бал жинаған. Ал нақты нәтиже бірер күнде белгілі болады. Жас түлек 11 жыл бойы алған білімінің жемісін көріп, мемлекеттік грант иегері атанғысы келеді.

Асылай Бисенбай, талапкер:

- Менің таңдаған мамандығым – журналист мамандығы. Себебі өзіме қатты ұнайды. Бұл шешімді ата-анам да қолдап отыр. Өте қызықты. Басқа жұмыстарға қарағанды осы менің көңілімді тартты. Ал менің сыныптастарым көбінесе қазіргі дамып жатқан менеджмент, архитектура, көбі медицина мамандықтарын айтады, қаржы, қаржыландыру жағын, сол мамандыққа түскім келеді деп айтады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі биылдан бастап көлік құрылысы, криптология және спорт мамандықтары бойынша арнайы тапсырыспен гранттар бөліп отыр. Бұл кәсіп иелеріне мемлекеттік органдар тарапынан мол сұраныс түскен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарына қажеттілік артуына орай шекті балл төмендетілді.

Жандәулет Құдайбергенов, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің бас сарапшысы:

- Жоғары оқу орындарына қабылдаудың шекті балы қазіргі таңда ұлттық ЖОО-ға 65 балды құрайды. Қалған ЖОО-ға 50 балды құрайды. Бұның ішінде ерекше ескере кететін жайт, педагогикалық мамандықтар бойынша қабылдау – ол кемінде 75 балл, құқық саласы бойынша шекті балл – 70. Сондай-ақ биылғы жылдың ерекшелігі деп айтсақ болады, ауылшаруашылық мамандарына сұраныс болғаннан кейін шекті балды біз 60 балдан 50-ге төмендеттік.

Биыл да техникалық бағыттарға басымдық беріледі. 19 мыңға жуық грант болашақ инженер, құрылысшы, өңдеу өнеркәсібі салаларында кадр даярлауға арналады. Ақпараттық- коммуникациялық технологиялар саласына 10 мың грант бөлінеді. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар бағытына алғаш рет сараланған білім гранттарын тағайындау көзделіп отыр. 

Жандәулет Құдайбергенов, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің бас сарапшысы:

- Жалпы биылғы оқу жылының қабылдауының ерекшелігі ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасын сәйкес сараланған білім беру гранттарын айтсақ болады. Биылғы оқу жылына 300 сараланған білім беру грантын беру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – ол ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары балл алып, конкурста бірінші таңдау бойынша грант иегері атана алмаған студенттерді қолдау.

Мемлекет есебінен тегін білім алуға тағы бір мүмкіндік бар. Әскери борышын өтеген сарбаздар сертификат арқылы жоғары оқу орнына ақысыз түсе алады. Осы мақсатқа 2023 жылы 3 мың сертификат берілді. Дәстүр биыл да жалғасын тапты. Талапкерлер әскердегі үлгілі қызметі үшін Ұлттық бірыңғай тестілеусіз оқуға қабылданады.

Рүстем Төлегенов, ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті басқармасының офицері:

- Былтырғы 3 мың сертификаттың қазіргі таңда 700-іне жуық сертификат іске асырылып, ҚР ЖОО-ларында оқуын жалғастырып жатқан азаматтар бар. 34 оқу орнынан сарбаздарымыз алғыр, тиянақтылық және үлкен жауапкершіліктерімен жақсы деген мінездемелер келіп жатыр. Таңдауларының арасында техникалық мамандықтар болып тұр, педагогикалық және әлеуметтік пәндер 2, 3-ші орында. Енді келесі жылдан ол оқу орны тарапынан берілетін тегін оқу емес, мемлекеттік грант болып есептеледі. Сонымен қатар стипендия беріледі.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың түлектері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ жаңадан құрылған 3 облыстың мектеп бітірушілеріне 300 гранттан қарастырылған. Мақсат – аталған өңірлерді дамыту үшін жаңа кадрлар әзірлеу.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Батыс өңірлерге арнайы квота беріліп жатыр. Маңғыстауда арнайы компания басталды. 43 жоғары оқу орыны сол жақта. Жалпы Батыс, жаңадан құрылған өңірлерге: Ұлытау, Абай, Жетісу. Арнайы квотамен 3 мың грант бөліп отырмыз. Зардап шеккен өңірлерге тапсырыстың 20%-ін бөлек квота, гранттар беріп отырмыз.

Ал жастар заманауи мамандықтарға бет бұрғанды кұп көреді. Кейінгі жылдары ақпараттық технология, бағдарламалау салаларына қызығушылық артқан.

Сауаланама:

- Ең танымал мамандық IT саласында ғой, менің ойымша.

- Көбінесе SMM мамандары, мобилографтар танымал.

- Маркетинг, менеджмент мамандығы.

- Ең керекті мамандық, медицина, қазіргі заманға сай дамып келе жатқан бізде IT саласы болады. Тағы көп мамандық бар ғой.

Талапкерлердің сұранысына ие мамандықтарға тіс дәрігері, халықаралық қатынастар және дипломатия, құқық, психология, сән және дизайн да кіреді. Бұл бағыттар бойынша мемлекеттік грант иелену үшін бір орынға 9 дан 20 адамға дейін таласуы мүмкін.

Авторлары: Рухани Асқар, Наурызбай Құрманғазы, Ғалымжан Абдылахат.