Астанада 11 мыңнан астам жас түлек мектеппен қоштасты
№59 мектеп – қаладағы үздік білім қабырғаларының бірі. Оқушылары жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, ұстаздарының сенімін ақтап жүр, деп хабарлайды 24kz.
Сол үрдіс биыл да жалғасты. 206 түлектің 13-і үздік аттестат алса, 11-і «Алтын белгіге» аяқтады. Тағы 6 оқушы шетелдегі жоғары оқу орындарына түскен.
Асыл Амангелдіқызы, Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны және әдістеме бөлімінің басшысы:
- Барлық мектеп түлегіне алдағы ҰБТ-дан ойдағыдай өтіп, жақсы ЖОО-ға түсіп, үлкен мамандық иесі атануына тілектеспін. Қазақстанның болашағы осы жастар ғой. Сондықтан еліміздің атағын шығаратын, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын ер-азаматтар болсын.
Мектеп бітіруші Әміре Рамазановтың арманы айқын, мақсаты биік. 5 жасынан ұшқыш болуды армандайтын ол авиация саласына баруды жоспарлап отыр. ҰБТ-дан қажетті балын да жинап қойыпты.
Әміре Рамазанов, мектеп түлегі:
- Мен осы қараша айында Астанаға келіп, Назарбаев мектебінен келдім. Басқа жүйеден кішкене ҰБТ-ға дайын болған жоқпын. Бірақ осы жарты жыл аралығында дайындалып, 119 балл жинадым.
Айта кетейік, биыл ел бойынша 186 мың оқушы мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жас түлектер саны жағынан Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 31 мың оқушы оқуды тәмәмдаған.
Авторлары: Мерей Қанапия, Арман Ақшабаева