1,5 мың ауыл мектебі шапшаң интернетпен қамтылды
Жаңа оқу жылында 2 мың ауыл мектебі Илон Масктың жоғары жылдамдықты интернетімен қамтылу тиіс.
Бүгінде осы межеге жету үшін білім ұяларында тиісті жұмыстар қолға алынды. Жоба аясында ұялы байланысы мен интернеті нашар шалғай ауылдарға басымдық беріледі. Осылайша, ұстаздар мен оқушылар заманауи оқу платформаларының игілігін көре алады.
Бурабай ауданындағы Кенесары ауылына «Старлинг» интернеті бір ай бұрын тартылды. Қазір кабинеттер жергілікті тораптарға қосылған. Ұстаздар қауымы оның артықшылығын бағалап үлгерді. Бір секундта 200 мегабитке дейін жететін жылдамдық онлайн сабақтар мен кез келген білім бағдарламаларын қас-қағым сәтте жүктей алады.
Амангелді Болатұлы, информатика пәнінің мұғалімі:
- Интернетте ешқандай кедергісіз білім ресурстарына, «Күнделік» сайтына, тағы да сайттарға кіруге өте жақсы мүмкіндік береді. Уақытты да үнемдейді.
Ал бұл – Қарағанды облысы Баймырза ауылындағы білім ошағы. 300-дей ұл-қыз осы жерде тәлім алады. Алайда мектеп деген аты болмаса, заманға сай білім алуға мүмкіндік аз. Ескі мектеп. Материалдық база мардымсыз. Интернет сапасы да көңіл көншітпейді.
Толқын Нашарова, Калинин атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Мектебімізде интернет желісі – 40 мегабайт. Оптикалық желі де және WiFi да бар. Мұғалімдерді жұмыс істеуіне сабақ кезінде осы жылдамдық жеткілікті ме? Мен айта алмаймын толық жеткілікті деп.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Негізінен интернеттің жылдамдығы – секундына 40 мегабит. Бірақ біз тексерген кездегі көрсеткен жылдамдық небәрі 7. Бұл – өте төмен көрсеткіш.
Қос бірдей мектеп. Бірақ екі түрлі көрініс. Бүгінде интернетсіз ұстаздардың ісі өнбейтіні рас. Кәдімгі бор мен тақтаны онлайн платформалар алмастырған. Қайтпек керек?! Үкімет мәселені Старлинг жобасы арқылы шешуге кіріскен. Ол бойынша биыл 2 мыңға жуық мектеп жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады. Наурыз айынан бері білім ошақтарында тиісті жұмыстар қолға алынды. Әсіресе шалғай жатқан елді мекендердің жағдайы бірінші кезекте ескерілді.
Ердәулет Әліпбаев, Оқу-ағарту министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің бас cарапшысы:
- 1451 мектеп. Жоспар бойынша 1993 мектепке орнатылуы керек. 500-ге жуық мектеп қалды. Оны 2 айдың ішінде бітіреміз деген үміттеміз. Орташа жыламдығы 250-300 мегабит секунд борлып келеді. Негізі статистикаға сүйенсек, ШҚО, БҚО және Ұлытау облыстарында интернеттің жылдамдығы нашар болып келеді. Старлинг жүйесіне енгізілген мектептер көбінесе оптикадан алыс, шалғай мектептерге енгіздік.
Шабан интернет мәселесін Президент 2027 жылға дейін шешуді тапсырды. Бұл ретте «Қолжетімді интернет» ұлттық бағдарламасы аясында тағы 2 мың 68 мектеп сапалы интернетпен қамтылады деп жоспарланып отыр. Ал Қарағанды облысында биыл бір ғана «Старлинг» жобасы арқылы 106 білім ошағына жылдамдығы жоғары интернет жеткізілмек. Бұдан баймырзалық ұстаздар да үмітті.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев.