Техникалық мамандықтарға сұраныс артты

Қызылорда облысында техникалық білім алуға ниетті жастар қатары жыл сайын артып келеді.

Биыл өңірде бөлінген мемлекеттік гранттың жартысына жуығы осы салаға арналған. Өйткені облыста соңғы жылдары бірнеше өндіріс орны іске қосылып, құрылыс қарқын алды. Аймақта шыны зауыты ашылды, күре жолдар мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бұл салаларды алдағы уақытта мамандармен қамту өзектілігін жоймайды. Мысалы, биыл 11 сыныпты 8285 түлек бітірсе, 9 сыныпты 16 мың оқушы аяқтады. Олардың 25 пайызы кәсіптік мамандықты таңдап отыр.

Сонымен қатар цифрлық технология саласын таңдаған жастар да аз емес, - дейді мамандар. 

Бекжан Есенбаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- 2020 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне өткенбіз. Яғни оқу орнын бала таңдайды. Педагогика мамандықтарына 300 орын, медицинаға 150 орын, ауылшаруашылығы саласына 600 орын, техникалық мамандықтарға 1800-1900 орын, оның ішінде IT саласындағы мамандықтарға 300-400 орын бөлінді. Қай колледжге баратынын тікелей талапкерлердің өздері анықтайды.