Алматыда ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды
Алматыда Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Мұнда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Қытайдың Ланьчжоу университеті 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар өсімдік және су шаруашылығы, суды тиімді пайдалану бойынша жаңа технологияларды бірлесіп жүзеге асырмақ. Бірінші кезекте екі университеттің ғалымдары білім мен тәжірибе алмасып, ақылды технологияларды білім беру процесіне енгізеді. Студенттер дәстүрлі ауыл шаруашылығы пәндерінен бөлек, қосымша ақылды технологияны қатар меңгереді. Осылайша, саладағы проблемаларды жасанды интеллект көмегімен шеше алатын мамандар дайындалады. Мысалы, бірлескен зерттеулердің негізінде тамшылатып суару жүйесінің ең тиімді және үнемді жолын жасап, оны мамандардың көмегімен агрожүйеге енгізу жоспарланған. Жаңадан ашылған орталық барлық екіжақты жұмыстарды үйлестіріп отырады.
Фараби Ермеков, ҚазҰАЗУ ғылыми-білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры:
- Ауа райының, температураның, ылғалдылықтың көрсеткіштерін қарап отырып, топырақтағы ылғалдың көлемін анықтай отырып және өсімдікке қажетті ылғалдың көлемін анықтай отырып, күнделікті емес, әр сағат сайын, әр минут сайын өсімдікке қаншама көлемде ылғал қажеттігін есептей отырып, ұсыным беріліп отыр. Ақылды жүйелердің ең бірінші бағыты осындай.