Ақмоланың Сандықтау ауданында құнды жәдігерлер табылды
Ақмола облысында бірегей археологиялық олжалар табылды.
Сандықтау ауданында өрт сөндірушілер ормандағы рейд кезінде көне тас мүсінді тапты. Оны елорда ғалымдары зерттеп жатыр. Ал Жабай өзенінің жағасында қола дәуіріндегі қорғандарда қазба жұмыстары жалғасуда.
Бұрын-соңды кездеспеген бірегей тас мүсінді сандықтаулық өрт сөндірушілер тапты. Олар оны Балкашино ауылының маңындағы орманда кездестіріп, жергілікті археологтарға хабарлаған. Қызметте жүріп, көне жәдігерді алғаш рет тауып жатырмыз, дейді құтқарушылар.
Нұрсұлтан Әшкенов, Сандықтау ауданы өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндірушісі:
- Адамдарға профилактикалық жұмыстарды жүргіземіз. Сонда осы суретті байқадық. Сосын өзіміздің бастығымызға хабарлап Әсет Нұрғазыұлына. Осы жәдігерді тауып, өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз.
Археологтардың айтуынша, мұндай көне ескерткіш өңірде алғаш рет кездесті. Астаналық және жергілікті ғалымдар тастағы суретті зертеп, айналаны тексерді. Бірақ балбалтастың қай кезеңге немесе қай мәдениетке жататының дөп баса айта алмады. Тәжірибесі мол археолог Сергей Ярыгиннңің айтуынша, бұл жәдігер қола әлде ерте темір дәуірінің мұрасы болуы мүмкін.
Сергей Ярыгин, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері:
- Ескерткіш шынымен ерекше. Бейнелеген адамның беті, анатомилық элементтер жақсы көрсетілген. Екі көзі, мұрыны, еріні, бет сопақшасы айқын көрінеді. Мұндай ескерткіштер қола дәурі мәдениетіне тиесілі болып Орталық Азия және Шығыс Еуропада табылған. Осыған ұқсас жәдіргерлер Оңтүстік Сібірдегі ерте темір дәуіріне тиісі не ғұн-сармат мәдениеті тиесілі болған.
Ал басқа археологтардың айтуынша, бұл ескерткіш ежелгі түркілердің мәдениетіне тиесілі. Бұл болжамды өңірдегі ежелгі қорғанды зерттеп жүрген Данияр Тілеуғабылов алға тартты.
Данияр Тілеуғабылов, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері:
- Мүмкін, осы жерде ғибадатхананың орталық бөлігі, қандай да бір қасиетті орын болғаны мүмкін. Түркілердің ескерткіштерімен қатты ұқсастық бар. Сондықтан айналаны зерттеу қажет. Өйткені адамдар осы жерде көп жүріп, біраз тастарды, басқа да заттарды қиратып, бұзған болатын. Сондықтан тас мүсін егжей-тегжейлі зерттеулерді қажет етеді.
Жалпы, биыл Сандықтау ауданында археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. Қола дәуіріндегі қорғандарда ғалымдар қыш ыдыстар мен жамбас сүйектерін тапты. Жәдігерлер радиокөміртекті талдауға жолданды, дейді экспедиция басшысы Жасұлан Үкеев.
Жасұлан Үкеев, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану облыстық орталығының директоры:
- Қазіргі таңда «Сандықтау-3» қорымы зерттелуде, яғни Максимовка мен Владимировка ауылдарының аралығында. Ол жерде біз кейінгі уақытта бұрын-соңды зерттелемеген 158 қорған табылды, «мұртты қорғандар» табылды. Енді қазіргі таңда сол Жабай өзенінің бойындағы қоныстың орның табу керек. Қарап отырсақ тас дәуірінен бастап, орта ғасырларға дейінгі барлық археологиялық ескерткіштерді қамтитын үлкен кешенге айналайын деп тұр.
Археологтардың айтуынша, Сандықтау ауданында әртүрлі ғасырлар мен мәдениеттерге жататын көптеген қорған бар. Олар археологиялық кешен болып есептеледі. Өз кезегінде бұндай ескерткіштер осы аймақты адамдар бірнеше мың жыл бұрын мекендегінің айғақтайды.
Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко, Жеңіс Егінбаев