104 мың талапкер грантқа өтініш берді
Биыл 104 мыңнан астам талапкер грант конкурсына қатысуға өтініш берді, деп хабарлайды 24KZ.
Үміткерлердің басым бөлігі Алматыдағы оқу орындарын таңдаған. Ол жаққа 42 мың бала өтініш берді. 22 мың адам Астананы таңдаса, 6,5 мың адам Шымкент университеттерінде оқуға ниетті. Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс тіс дәрігерлері, дипломаттар, мұғалімдер және психологтар арасында. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде инженерлік және техникалық бағыттарға грант басым. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасымен түсушілерге 3 903 грант бөлінген. Грант иегерлерінің тізімі Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында және Telegram арнасында 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.