Жамбылдық оқушылар бір жылда 467 медаль жеңіп алды
Жамбыл облысының оқушылары бір жыл ішінде халықаралық және республикалық олимпиадаларда 467 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды 24KZ.
Білім жарысында үздіктер қатарынан көрінгендердің бірі – Марғұлан Шарел. 11-сынып оқушысы Ұлыбританияда өткен Халықаралық математика олимпиадасынан күміспен оралды.
Халықаралық математика олимпиадасы әлемдік топ-7 білім жарыстарының қатарында. Англияның Бат қаласында өткен олимпиадаға 110 мемлекеттен 600-ден аса оқушы қатысты. Марғұлан Шарел екінші жыл рет жолдама алып, күміс медальға ие болды.
Марғұлан Шарел, Халықаралық математика олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Бұл олимпиадаға өту үшін мен өткен жылы да бардым, биыл екінші рет қатысып тұрмын. Олимпиадаға өту үшін осы 4 жыл бойы дайындалдым және бүгін сол еңбегімнің жемісін көріп жатқаныма қуаныштымын. Мен әлі негізі мамандық таңдағаным жоқ. Бірақ та мен математика және де ІТ-технология саласында өзімді іздегім келіп тұр.
Англияға құрама команда сапынан 6 оқушы аттанды. Бесеуі жүлдеге ілікті. Жалпы республикалық ғылыми жобалар жарысында жамбылдықтар осымен 15-ші рет «Ең үздік команда» атанды. Сонымен бірге оқушылар пәндік олимпиада қорытындысы бойынша да елде үздіктер қатарында.
Майра Есеналиева, облыстық «Жамбыл дарыны» орталығының директоры:
- Жамбыл дарыны орталығының мақсаты – өңіріміздегі дарынды балаларды анықтау. Қолдау және ары қарай дамыту. Осы мақсатта көптеген олимпиадалар, ғылыми жобалар, робототехника байқаулары және ауыл балаларына арналған «Мың бала» олипиадасы, ауыл олимпиадалары өтіп жатыр.
Жамбылдық дарынды оқушылардың деңгейі жыл санап өсіп келеді. Былтыр олар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 343 медаль иемденсе, биыл 467 жүлде алған. Оның 57-сі халықаралық білім жарыстарының жүлдесі.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.