Оқуға түсуге тағы 8 мың грант бөлінеді

Ұлттық бірыңғай тест нәтижесі жарияланғаннан бері әлеуметтік желіде әділет іздеп шырылдаған талапкерлер саны артты.

Ашығын айтайық, биыл грант қорытындысымен келіспейтін мектеп түлегі көп. Себебі мыңдаған бала ҰБТ-дан жоғары балл алса да, мемлекет ұсынған тегін оқудан құр қалды. Әсіресе дене шынықтыру мұғалімі мамандығында 3 жарым мың адам 100 балдан асырса да, ақылы оқуға мәжбүр. Сән мен дизайн, ағылшын тілі және журналистика мамандығына үміткерлерге де жағдай осындай. Дегенмен Үкімет отырысында жауаптылар грантқа іліге алмай қалған түлектерге тағы қосымша 8000 грант бөлінетінін айтты. Байқаудан сүрінгендер енді осы мүмкіндікті пайдалана алады. Сонымен алдын ала болжам бойынша 3 мың талапкер гранттан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда бөлінген грант жоғары балл жинаған келесі талапкерлерге беріледі. Оған қоса өңір әкімдіктері де 2 мыңнан астам грант бөлетін болды. Игі іске түрлі компаниялар мен қорлар да қосылмақ. 

Қосымша бөлінетін грант: 

Бөлінді – 8 мың                                    

Қайта бөлінеді – 3 000

Жергілікті атқарушы биліктен – 2  475

Жұмыс берушілерден – 870

"Қазақстан халқына" қорынан – 850

Университеттерден – 1 300